Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарМәдениет

ХАН ОРДАЛЫ САРАЙШЫҚТА «МУЗЕЙ ТҮНІ» ӨТТІ: ШАРАҒА 300-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

Caspian News, 20 мамыр. Атырау облысы Махамбет ауданының Сарайшық ауылында Халықаралық музей күніне орай дәстүрлі «Музей түні» мәдени-танымдық кеші ұйымдастырылды. Биыл үшінші рет жалауын желбіреткен бұл ауқымды шараға 300-ге жуық көрермен мен арнайы қонақтар қатысты. Кештің басты мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, Алтын Орда мен Қазақ хандығының астанасы болған көне Сарайшық қалашығының тарихи маңызын әлемдік деңгейде насихаттау.

Аталған шараны Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті және Махамбет аудандық әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.

Этно-шоу, ұлттық спорт және шеберлік сағаттары

«Музей түні» аясында келушілер үшін сан түрлі мәдени және спорттық бағдарламалар әзірленді. Қонақтар «Ұлы дала жаңғырығы» атты этно-шоу концертті, ұлттық нақыштағы киімдер сәнін паш еткен «Этно-fashion» көрсетілімін және «Сарайшық сарыны» атты қылқалам шеберлерінің пленэрін тамашалады.

Сонымен қатар, арнайы тігілген киіз үйлерде қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі өтіп, ұлттық бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Келушілер тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тартыс сияқты ұлттық спорт ойындарында бақ сынасты.

Амангелді Жұмабаев, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы:

«Бұл шара ұлттық киімді, төл өнерімізді дәріптеу және қасиетті Сарайшық қалашығын халықаралық деңгейде таныту бағытында жасалып жатқан үлкен қадам. “Музей түнін” соңғы жылдары өте ауқымды форматта өткізуді үрдіске айналдырдық. Бұл бастама алдағы уақытта да міндетті түрде жалғасын табады. Барша тарих жанашырларын, туристерді біздің музей-қорығымызды тамашалауға шақырамыз».

Үздік қызметкерлер марапатталды

Салтанатты кеш барысында Сарайшық музей-қорығының дамуына және ұлттық мұраны сақтауға үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер Махамбет ауданы әкімінің және Атырау университеті ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ерекше атап өтерлігі, музейдің экскурсия жетекшісі Әсем Шеркешбаева халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Астрахань аймақтық «Жолдастық» қазақ қоғамдық бірлестігінің 30 жылдығы» мерекелік медалімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Айбатыр Бекішұлы, Исатай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы:

«Осы тағылымы мол шараға Исатай ауданынан 40-қа жуық мәдениет қызметкерлері арнайы қонақ ретінде келіп отырмыз. Хан ордалы Сарайшық — біздің төл тарихымыздың бастау алатын қасиетті мекені. Сондықтан бұл жерде өтетін әрбір шараның маңызы ерекше. Мұндай ізгі дәстүрдің жыл сайын үзілмей өтіп тұрғаны қуантады».

Көне шаһарға түнгі саяхат

Кештің ең әсерлі бөлігі соңында ұйымдастырылды. Музей қонақтары үшін түн құшағындағы көне қалашық аумағына ерекше экскурсия жасалып, тарихи орынның ғасырлар қойнауынан сыр шертетін шежіресі таныстырылды.

Анықтама: Бүгінгі таңда Сарайшық Сапар орталығындағы музей қорында 6 343 бірегей экспонат сақталған. Музей-қорық ұжымы 30 жылға жуық уақыт бойы ұлттық мәдени және археологиялық мұраны көздің қарашығындай сақтау әрі болашақ ұрпаққа аманаттау бағытында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Оқи отырыңыз...

МИНИСТР МІН ТАҚТЫ

АТЫРАУДА ЖОЛ АПАТЫНАН 3 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

АТЫРАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ