Caspian News, 20 мамыр. Атырау облысы Мақат аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне орай «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты — музей қорында сақталған бірегей тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақ пен жергілікті тұрғындардың туған өңір тарихына деген қызығушылығын арттыру.
Мәдени шара барысында келушілер музейдің көрме залдарын аралап, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлермен, этнографиялық тұрмыстық бұйымдармен және ауданның қалыптасу тарихынан сыр шертетін құнды экспонаттармен танысты. Сонымен қатар қонақтар үшін арнайы мәдени-танымдық бағдарламалар, интерактивті ойындар мен креативті шеберлік сабақтары өткізілді.
Музей қорында 5 мыңға жуық жәдігер бар
Музей мамандарының айтуынша, кез келген мәдениет ошағының басты байлығы — оның экспонаттар қоры. Бүгінде Мақат музейінде сан ғасырлық тарихты тасқа басқандай сақтап тұрған мыңдаған құнды дүние жинақталған.
Бақтылы Мұқашева, Мақат тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы:
«Қазіргі таңда музей қорында 5 мыңға жуық жәдігер жинақталған. Музейдің негізгі байлығы да, өзегі де осы қор болып саналады. Күні кеше ғана ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында қорымыз тағы бір құнды дүниемен толықты. Доссор кентінің тумасы, қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын белгілі қолөнерші Қайыржан Жалғасовтың авторлық бұйымдарын қабылдап алдық. Алдағы уақытта да тарихи жәдігерлерді жинақтап, халықтың ортақ қазынасына, құнды мұрасына айналдыру жұмыстарын жалғастыра береміз».
Тұрғындар мен мекеме қызметкерлерінің қызығушылығы жоғары
Ашық есік күніне ауыл тұрғындарымен қатар, аудандағы түрлі мекеме мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де арнайы уақыт бөліп келген.
Айнагүл Жәрдемова, Мақат аудандық полиция бөлімінің цифрландыру және жасанды интеллект аға инспекторы:
«Музейге келіп, өте көптеген тарихи экспонаттармен, соның ішінде өңірімізде алғаш рет мұнайдың қалай шыққаны туралы құнды деректермен таныстық. Біз, полиция қызметкерлері, жұмыстан тыс өз уақытымызды бөліп, бүгін арнайы музейге келіп отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, барша музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз және жауапты жұмыстарына сәттілік тілейміз».
Музей әкімшілігінің мәлімдеуінше, ашық есік күні аясында ұйымдастырылған бағдарламалар келушілерге тарихи мұраның маңызын тереңірек түсінуге зор мүмкіндік берді. Мұндай халықтың рухани сұранысын өтейтін мәдени-көпшілік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.
