Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕРЛЕР БІЛІКТІЛІГІН АРТТЫРДЫ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ ЦИФРЛЫҚ ТӘСІЛДЕР ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Caspian News, 20 мая. Атырауда квазимемлекеттік сектор мекемелерінде ішкі бақылауды жүзеге асыратын мамандардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында ауқымды оқыту шарасы өтті. Өңірдегі комплаенс-офицерлер (ұйым ішіндегі заңдылық пен этика нормаларының сақталуын қадағалайтын мамандар) арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи күрес бағыттарын қамтыған бұл оқыту семинарын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ұйымдастырды. Шара «Цифрлық трансформация жағдайындағы комплаенс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат: ашықтықты қамтамасыз ету, тәуекелдерді басқару және цифрлық бақылаудың заманауи тәсілдері» деген тақырыпта өрбіді.

Семинардың басты бағыттары

Оқу-жаттығу жиыны барысында қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, ішкі заңсыздықтарды анықтаудың заманауи құралдарын меңгерді. Мамандар келесі бағыттар бойынша өзара тәжірибе алмасып, жаңа ақпараттарға қанықты:

  • Стратегиялық коммуникациядағы коучинг әдістері;

  • Киберқауіпсіздік профилактикасы мен ақпараттық қорғаныс;

  • Әлеуметтік жобаларды цифрландыру және жаңа цифрлық бақылау тетіктері.

Августина Мұратова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы:

«Біздің қазіргі таңдағы ең қарқынды жүргізіп жатқан жұмысымыз — сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алу және жолын кесу болып табылады. Мекемелер ішіндегі мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтап, жою үшін қазіргі уақытта арнайы цифрланған бағдарламаларды іске асырып жатырмыз. Бұл бақылаудың ашықтығын жаңа деңгейге көтереді».

Медицина саласындағы бақылау: Сатып алулар мен туыстық байланыстар тексеріледі

Оқыту тобына қатысқан мамандар бұл білімнің күнделікті жұмыс процесінде, әсіресе қаржы көп шоғырланған салаларда заңсыздықтарды болдырмауға үлкен септігін тигізетінін айтады.

Бекболат Тайжанов, семинарға қатысушы комплаенс-офицер:

«Біз енді медицина саласында қызмет еткендіктен, бақылау жұмыстары негізінен екі бағытта жүреді. Біріншісі — мемлекеттік сатып алулар (госзакуп), яғни медициналық құрал-жабдықтар мен медикаменттерді сатып алу кезінде бағаның негізсіз артық қойылмауын қадағалау. Екіншісі — мекеме ішінде туыстық бағытта жұмыс жасамау, яғни тамыр-таныстыққа жол бермеу. Осының бәрін алдын ала анықтап, іштегі заңсыздықтарды болдырмау үшін жұмыс істейміз.

Бұл семинарға мен цифрландыруды оқыту бойынша бірінші рет келіп отырмын. Бүгіннен бастап жаңа жүйелерді үйрене бастадық. Бұрын біз тек сайттар мен мемлекеттік сатып алу порталына кіріп қана анықтайтын болсақ, енді цифрлық бақылаудың жаңа құралдарын меңгеріп жатырмыз».

Анықтама: Комплаенс қызметінің міндеті қандай?

Қазақстанда комплаенс институты заңнамалық деңгейде 2020 жылдан бастап енгізіле бастады. Бүгінде комплаенс-офицерлер негізінен квазимемлекеттік сектордағы (мемлекет қатысы бар компаниялар мен кәсіпорындарда) ішкі бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіреді.

Комплаенс-офицердің негізгі міндеттері
• Ұйым ішіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және зерттеу;
• Лауазымды тұлғалар арасындағы мүдделер қақтығысын болдырмау;
• ҚР заңнамасы мен ішкі нормативтік құжаттар талаптарының сақталуын бақылау;
• Ұжым ішінде этикалық нормаларды қамтамасыз ету және түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, комплаенс қызметіне цифрлық технологияларды енгізу мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін нөлге түсіруге септігін тигізеді.

Оқи отырыңыз...

КАСПИЙ ЖАҒАСЫНАН 88 ИТБАЛЫҚТЫҢ ӨЛЕКСЕСІ ТАБЫЛДЫ

МАҢҒЫСТАУДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ БІР ТОП АЗАМАТ МАРАПАТТАЛДЫ

МИНИСТР: «СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ БАҒАСЫНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН»