Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарҚұқық және заң

ИНДЕРЛІКТЕР ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС АЛДЫ: АЙМАҚТА АУҚЫМДЫ АКЦИЯ ӨТТІ

Caspian News, 20 мамыр. Атырау облысы Индер ауданында халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, заңдық тұрғыдан көмек көрсету мақсатында «Тегін заң көмегі» атты ауқымды әлеуметтік-құқықтық акциясы өтті. Облыстық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен өткен бұл шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асырылды.

Бастаманың негізгі мақсаты — шалғайдағы ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерді заң аясында шешуге бағыт-бағдар беру.

Білікті заңгерлер бір алаңда бас қосты

Аудан орталығында ұйымдастырылған ашық есік күніне Әділет департаментінің білікті қызметкерлері, тәжірибелі нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары, еңбек инспекторлары және өзге де мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Келген тұрғындар өздерін мазалаған еңбек даулары, жер телімдерін рәсімдеу, тұрғын үй кезегі, алимент өндіру және жұмыспен қамту сияқты сан түрлі салалар бойынша мамандардан тікелей әрі тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Гүланда Қыстаубаева, Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы:

«Шара басталғалы бері қысқа уақыт ішінде 30-ға жуық аудан тұрғыны келіп жүгінді. Олардың барлығына тиісті заң нормалары түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кеңестер берілді. Әрине, кейбір күрделі мәселелердің бір сәтте түпкілікті шешімін табуы қиын. Дегенмен, біз өзіміздің тікелей құзыретімізге жатпайтын өтініштерді назардан тыс қалдырмай, тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға ресми түрде жолдау арқылы олардың оң шешілуіне барынша көмектесетін боламыз».

«Өзімді толғандырған мәселенің жауабын толық алдым»

Ауыл тұрғындары облыстан арнайы келген заңгерлер тобына үлкен ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың өзектілігі жоғары екенін жеткізді.

Айнагүл Жанғалиева, Индербор кентінің тұрғыны:

«Бүгін ауданымызда өтіп жатқан “Заң және Тәртіп” аясындағы акцияға арнайы келіп қатыстым. Өзіме қажетті маңызды сұраққа нақты жауап ала алғаныма қуаныштымын. Соның ішінде Еңбек инспекциясынан келген бас маманға жолығып, мені көптен бері толғандырып жүрген жұмыс орнындағы мәселе бойынша толықтай құқықтық түсініктеме алдым. Ауыл халқын ойлап, осындай пайдалы кеңес алаңын ұйымдастырған келген қонақтарға үлкен рахметімді айтамын».

«E-заң көмегі» — құқықтық көмек енді онлайн қолжетімді

Акция аясында заңгерлер тұрғындарға заманауи цифрлық мүмкіндіктерді де таныстырды. Соның ішінде «E-заң көмегі» бірыңғай мемлекеттік жүйесінің артықшылықтары көрсетілді.

Ендігі жерде индерліктер облыс орталығына бармай-ақ, өз үйлерінде отырып eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта кәсіби адвокат немесе заң кеңесшісін таңдап, қашықтан білікті көмек ала алады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай заманауи шаралар халық пен мемлекет арасындағы кері байланысты нығайтып, азаматтардың заңдық тұрғыдан қорғалуын айтарлықтай күшейтеді.

Оқи отырыңыз...

АТЫРАУ-МАҢҒЫСТАУ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ 14.03.2022

38 ГРАДУСҚА ДЕЙІН АЯЗ КЕЛЕ ЖАТЫР

МАҢҒЫСТАУДА РЕФЕРЕНДУМҒА АЛҒАШҚЫ БОЛЫП КЕЛГЕНДЕРГЕ АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ