Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтарСпорт жаңалықтары

АТЫРАУДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР: 500-ГЕ ЖУЫҚ КИОКУШИНКАЙ ШЕБЕРІ БАС ҚОСТЫ

Caspian News, 19 мамыр. Атырау қаласында спорт сүйер қауым үшін елеулі оқиға өтті. Өңірде киокушинкай-каратэден 500-ге жуық спортшының басын қосқан ауқымды халықаралық турнир жалауын желбіретті. Дүбірлі додаға Қазақстанның намысын қорғайтын каратэшілермен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген кіл мықты спортшылар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушы мемлекеттердің географиясы мен спортшылардың саны бұл жарыстың халықаралық деңгейі мен беделінің жоғары екенін айқын дәлелдейді. Биылғы турнир тек үздіктерді анықтауды ғана емес, сонымен бірге қоғамда «Заң және тәртіп», «Каратэ есірткіге қарсы» қағидаттарын кеңінен насихаттауды мақсат еткен.

Республикалық деңгейден халықаралық мәртебеге

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған мамандар өңірдегі каратэ мектебінің жетістіктерін ерекше атап өтті. Атыраулық спортшылар соңғы уақытта елімізде көш бастап тұр.

Андрей Котов, Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы филиалының басшысы:

«Біздің өңірде киокушинкай-каратэ өте қарқынды дамып келеді. Жақында ғана біздің мектеп Қазақстан бойынша үздік деп танылды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған турнир арқылы сол биік мәртебемізді тағы бір мәрте дәлелдеп, айқындап отырмыз. Жыл санап бұл жарыстың ауқымы кеңейіп келеді. Мысалы, өткен жылы бұл дода тек республикалық деңгейде ұйымдастырылса, биыл мәртебесі өсіп, халықаралық турнирге айналды. Шетелден келетін қатысушылардың да, олардың дайындық деңгейінің де артып отырғаны қуантады. Алдағы уақытта бұл доданың деңгейін бұдан да жоғарылата түсетінімізге сенемін».

Қоғамдық қолдау және серіктестік

Халықаралық доданың ашылу салтанатына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, прокуратура өкілдері, спорт ардагерлері мен сала мамандары арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Мұндай мемлекеттік және құқықтық органдар өкілдерінің қатысуы турнирдің есірткіге қарсы және заңдылықты насихаттау бағытындағы тәрбиелік мәнін арттыра түсті.

Айта кетейік, бұл ауқымды халықаралық спорттық біріншілік жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілердің белсенді қолдауымен өтті. Жарыс қорытындысы бойынша әртүрлі салмақ пен жас дәрежелерінде оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар арнайы кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Оқи отырыңыз...

Еліміздің барлық аумағында ауа райы құбылмалы болады

АКИМ ВСТРЕТИЛСЯ С ПРЕДСТАВИТЕЛЯМИ КАДРОВОГО РЕЗЕРВА

ПОЛИМЕР ӨНІМІН ӨНДІРУШІЛЕР ОТАНДЫҚ ШИКІЗАТҚА КӨШУДІ КӨЗДЕП ОТЫР