Caspian News, 18 мамыр. Атырауда Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) «Күш – әрқайсымызда!» атты ауқымды жақтастар форумы өтті. Өткен жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара партияның ҚР Парламенті Мәжілісінің сегізінші шақырылымы кезеңіндегі жұмысын қорытындылауға, өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге және саяси ұйымның қатарын жаңа мүшелермен толықтыруға бағытталған.
Жатақхана тапшылығы 7 есеге азайды
Форум барысында партия өкілдері соңғы жылдары жүзеге асырылған негізгі әлеуметтік бастамалардың нәтижелерін жариялады. Атап айтқанда, білім алып жатқан жастарды жатақханамен қамту мәселесінде елеулі ілгерілеушілік бар:
-
2023 жылы жатақхана орындарының тапшылығы 75 мың орынды құраған;
-
Бүгінгі таңда жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 10 мың орынға дейін азайды.
Партия өкілдері бұл жетістікті студенттік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған парламенттік бастамалардың нақты жемісі деп бағалады.
«Қарапайым азаматтан кәсіби саясаткерге дейін»
Форум аясында Мәжіліс депутаттары қатардағы тұрғындардың ел саясатына араласу мүмкіндіктері кеңейгенін жеткізді.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Біздің партия белсенді азаматтар үшін үлкен мүмкіндіктер есігін ашып отыр. Қарапайым азаматтың тәжірибелі саясаткерге айналып, халық мүддесін кәсіби деңгейде қорғауына толық жағдай бар. Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін саяси ұйымдардың құзыреті артты. Бүгінде тұрғындар партия арқылы саяси сауатын көтеріп қана қоймай, ел өміріне тікелей араласып, маңызды мемлекеттік шешімдердің қабылдануына ықпал ете алады».
Төменгі жалақы, исламдық ипотека және банктер арасындағы бәсекелес
Жиында халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғын үй мәселесін шешудің тың тетіктері сөз болды. Қазіргі таңда елдегі ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Партия бұл соманы медианалық жалақының 50 пайыздық деңгейіне дейін көтеру бастамасын талқылауда. Сонымен қатар, ЕТЖ-ны есептеудің халықаралық стандарттары ратификацияланып, бұл еңбекшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейте түспек.
Қаржы нарығына қатысты мынадай бастамалар көтерілді:
-
Тұрғын үй нарығында «исламдық ипотека» тетіктерін кеңінен енгізу;
-
Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі монополияны жойып, бәсекелестікті екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) арқылы кеңейту.
Партия мәліметінше, бұл ұсыныстардың бірқатары қазірдің өзінде қаржы жүйесінде тәжірибе жүзінде іске асырыла бастаған.
Парламент реформасы: Биыл Сенат пен Мәжіліс тарайды
Форумның ең сенсациялық мәлімдемесін Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин жасады. Ол алдағы уақытта заң шығарушы билік тармағында түбегейлі өзгерістер болатынын айтты.
Асылбек Нұралин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Президентіміз 15 наурызда өткен референдумда көптеген маңызды реформаларды қабылдады. Соның ішінде ең ауқымдысы — парламенттік реформа. Өздеріңіз білесіздер, биыл Сенат та, Мәжіліс те тарайды. Олардың орнына екі палаталы жүйе емес, бір ғана бірыңғай Парламент болады. Ол құрылтай деп аталады. Онда 145 депутат қызмет ететін болады және олар тек партиялық тізіммен ғана сайланады».
ҚХП-ның бүгінгі әлеуеті мен жаңа мүшелері
Партия азаматтарды қоғамдық-саяси өмірге тарту мақсатында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі — еліміз бойынша 800-ге жуық адамды қамтыған пікірсайыс мектебі. Бұдан бөлек, жалпы аудиториясы 500 мыңнан асатын медиаплатформалар жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Халық партиясының мемлекеттік басқару жүйесіндегі үлесі төмендегідей:
-
5 Мәжіліс депутаты;
-
86 жергілікті мәслихат депутаты;
-
16 ауылдық округ әкімі;
-
2 аудан әкімі;
-
56 қоғамдық кеңес мүшесі.
Атыраудағы форум аясында партия қатарына жаңадан қосылған өңір белсенділеріне партиялық билеттер салтанатты жағдайда табыс етілді.
