Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

«АДАЛ АЗАМАТ»: АТЫРАУДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕН ПОЭЗИЯ ТОҒЫСҚАН КЕШ ӨТТІ

Caspian News, 18 мамыр. Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған «Адал азамат» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ерекше шығармашылық кеш ұйымдастырылды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен бұл шара мемлекеттік қызметшілердің рухани мәдениетін арттыруды көздейді.

Мақсат — рухани кемелдік пен кәсібилік

Басқосу барысында қатысушылар мен спикерлер отансүйгіштік, адалдық және қоғамға мінсіз қызмет ету мәдениетін сөз етті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тұлғалық қалыптасуында әдебиет пен өнердің атқаратын рөлі кеңінен талқыланды.

Қарлығаш Берғалиева, ҚР МҚІА Атырау облысы бойынша департаменті басқармасының бас маманы:

«Өңірімізге белгілі ақындар Шалқарбай Ізбасаров пен Бақытгүл Бабаштың қатысуымен шығармашылық кеш ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметшілердің арасында рухани мәдениетті дамыту және адамгершілік қасиеттерді жетілдіру. Президентіміз атап өткендей, мемлекеттік қызметшілер үшін адалдық, ашықтық пен кәсіби қабілеттерді үздіксіз дамыту өте маңызды».

«Мемлекеттік қызмет — лауазым емес, үлкен аманат»

Кешке арнайы келген ақындар өз шығармашылықтары арқылы мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік пен тазалық мәселесін өлең жолдарымен өрді.

Бақытгүл Бабаш, ақын:

«Мемлекеттік қызмет дегеніміз — бұл жай ғана лауазым емес, бұл халықтың берген үлкен аманаты. Ал сол аманатқа қиянат жасамау үшін ең бірінші кезекте адалдық керек. Біз бүгінгі кездесуде адалдық, туған жерге деген сүйіспеншілік пен патриоттық туралы сыр шерттік. Өз өлеңдерімізді оқып, өте жақсы, жылы атмосферада кездесу өткізіп отырмыз».

Рухани алаң баршаға ашық

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай рухани-танымдық кештер алдағы уақытта да жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрмақ. Ең бастысы — бұл жиындарға тек сала мамандары ғына емес, кез келген ниет білдіруші тұрғын қатыса алады. Ол үшін департаменттің ресми электронды поштасына алдын ала өтінім жолдау жеткілікті.

Мұндай шаралар мемлекеттік аппарат өкілдерінің тек заң шеңберінде ғана емес, ұлттық құндылықтар мен әдебиет арқылы халыққа жақын болуына ықпал етпек.

Оқи отырыңыз...

Елімізде доллар 378 теңгеге сатылып жатыр

2026 ЖЫЛЫ МҰНАЙ БАҒАСЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ АРЗАНДАУЫ МҮМКІН: БҰЛ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

АТЫРАУЛЫҚ 200 КІШКЕНТАЙ АКВАПАРКТЕ ДЕМАЛДЫ