Caspian News, 15 мамыр. Махамбет ауданында аналардың қоғамдағы рөлін ұлықтау және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған ауқымды аналар форумы ұйымдастырылды. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен өткен шараға ардагерлер, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Әжелер алқасы және ауыл жастары қатысты.
Тарих пен тәрбие сабақтастығы
Форумның ашылуы театрландырылған қойылыммен басталды. «Өнерпаз» мәдениет үйінің әртістері қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған ұлы аналар — Домалақ ана, Ұмай ана және Зере әженің бейнесін сахнаға шығарды. Бұл көріністер арқылы ел аналарының ұлт тәрбиесіне қосқан өлшеусіз еңбегі паш етілді.
Гүлфайруз Төлегенқызы, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы:
«Елімізде 2024 жылдан бастап Аналар күні ресми түрде тойланып келеді. Осы орайда биыл аудандық деңгейде алғаш рет форум өткізіп отырмыз. Бұл бастама алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналады деп сенеміз».
Ауыл аналарының ақ тілегі
Форум аясында ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден келген әжелер мен келіншектер ансамблі өнер көрсетті. Сондай-ақ қатысушылар арнайы көрмені тамашалап, отбасы тәрбиесіне қатысты тренингтерге қатысты.
Қалығыз Ғилажқызы, Сарайшық ауылдық округі Аналар кеңесінің төрайымы:
«Сарайшық ауылынан арнайы келіп қатысып жатырмыз. Әр ауылдан келген ансамбльдердің қойылымдары өте тамаша болды. Аналар мен отбасыларға арналған мұндай ауқымды шараның өтуі бізді қатты қуантады. Ұйымдастырушыларға аналық жүрегімнен алғыс айтамын».
Оң баға және болашақ жоспар
Жиын барысында Аналар кеңесі мен білім беру ұйымдары жанынан құрылған ата-аналар комитеттерінің жұмысы сараланып, белсенді аналарға оң баға берілді. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов аналардың қоғамдық белсенділігі мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Форум соңында белсенділік танытқан аналар мен өнерпаздар құрметке бөленіп, естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұл басқосу Махамбет ауданындағы аға буын мен жас буын арасындағы алтын көпір іспеттес болды.
