Caspian News, 14 мамыр. Атырауда қазақ мұнайының шежіресі мен өндіріс тынысын бейнелейтін «Мұнай және өмір» атты ерекше фотокөрме өтті. Шара өңірдегі танымал фототілшілердің еңбегін ұлықтап, мұнайлы өлкенің тарихи сәттерін қалың көпшілікке паш етті.
Фотоаппараттан басталған тарих
Көрменің ең құнды жәдігерлерінің бірі — қазақ мұнайының эксклюзивті кадрларын таспалаған белгілі фотограф Олег Свидиннің фотоаппараты. Көрмеге тек техника ғана емес, сонымен бірге:
-
Амангелді Мутигуллин;
-
Рахим Қойлыбаев;
-
Ерлан Алтыбаев;
-
Әнуар Әбілғазиев;
-
Максим Стадниченко сынды майталмандардың туындылары қойылды.
Экспозицияда Атыраудың әр кезеңдегі бейнесі, алғашқы модульдерді тасымалдау сәттері және теңіз бен құрлықтағы өндіріс орындарының іске қосылуы көрініс тапқан.
«Сурет сөйлеуі керек»
Көрменің басты кейіпкерлері — мұнай емес, сол өндірістің тегершігін айналдырып отырған қарапайым еңбек адамдары. Фототілшілер әр кадрды түсіру үшін нағыз мұнайшылардың өмірін кешкендерін айтады.
Ерлан Алтыбаев, «Атырау» газетінің фототілшісі:
«Біз мұнайшылардың формасын киіп, етікпен батпақ кешіп жүріп түсірген күндеріміз болды. Фотографтың мақсаты — суретті сөйлету. Журналист 5-6 сөйлеммен жеткізетін ойды біз бір ғана кадрмен бере білуіміз керек. Әр фотоның артында үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбек жатыр».
Келер ұрпаққа аманат
Жобаны жүзеге асыруға «Magynaly Business» стратегиялық коммуникациялар агенттігі ұйытқы болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрме фототілшілердің қоғам алдындағы еңбегін бағалаудың бір жолы.
Лаура Сүлейменова, «Magynaly Business» агенттігінің бас директоры:
«Біз журналистермен де, PR саласында да жұмыс істейміз, сондықтан тарихи деректі жеткізуде фотосуреттің маңызын жақсы түсінеміз. Келер ұрпақ өткеннің бейнесін дәл осы фотолар арқылы қалыптастырады. Өмір бойы редакцияларда еңбек еткен атыраулық фототілшілердің еңбегі лайықты бағалануы тиіс».
Форумның бастауы
Аталған көрме Атырауда өтетін ауқымды «Energy Region Talks» форумының ажырамас бөлігіне айналды. 15 мамыр күні өтетін бұл форум мемлекеттік органдардың, мұнай компанияларының баспасөз хатшылары мен БАҚ өкілдерінің басын қоспақ.
Ұйымдастырушылар мұндай фотокөрмелерді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Көрмеге қойылған әрбір сурет — Атыраудың мұнайлы шежіресінің алтын парағы іспеттес.
