Caspian News, 13 мамыр. Атырауда балық аулауды жанына серік еткен азаматтардың басын қосқан «Jaiyq fish fest 2026» фестивалі өз мәресіне жетті. «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған шарада 75 әуесқой балықшы бақ сынасты.
Командалық сайыс және қатысушылар
Биылғы додаға 25 команда қатысты. Жарыс ережесіне сәйкес, әр команда үш қармақпен балық аулап, ең үлкен олжа — «трофей» ұстауға тырысты. Қатысушылардың жас ерекшелігі де әртүрлі: ең жас балықшы 17 жаста болса, ең үлкені 70 жасқа толған ардагер.
Тимур Молдашев, жарыстың бас төрешісі:
«Жастардың белсенділігі қуантады, биыл 18-ге толған балалардан құралған жаңа командалар қосылды. Негізгі мақсат — ең ірі балықты ұстау. Әр командада үш балықшы бар және олардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі маңызды».
Алғашқы олжа және балықшылар хоббиі
Жарыс басталған бойда алғашқы балықты Дәулет Құрманалиев есімді қатысушы ұстап, көпшіліктің назарын аударды. Мамандығы өрт сөндіруші Дәулет үшін балық аулау — нағыз ер адамдарға тән демалыс пен хобби.
Дәулет Құрманалиев, қатысушы:
«Мен 15 жасымнан бері балық аулаймын. Осыған дейінгі жарыстарда үшінші, кейін екінші орын алғанмын. Бүгін алғашқы балықты ұстау маған бұйырыпты. Мен үшін бұл — жұмыстан кейінгі керемет демалыс».
Тек балық аулау емес…
Фестиваль аясында балық аулаудан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар мен көрермендер келесі сайыстарда күш сынасты:
-
Арқан тарту;
-
Қол күресі;
-
Қой көтеру.
Жеңімпаздар мен жүлделер
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға кубоктар мен медальдардан бөлек, қомақты ақшалай сыйлықтар табысталды:
-
1-орын: 300 000 теңге;
-
2-орын: 200 000 теңге;
-
3-орын: 100 000 теңге.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль өңірдегі балық аулау мәдениетін дамытуға және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған дәстүрлі шараға айналып келеді.
