Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАтырау жаңалықтарыЖаңалықтар

АТЫРАУДА КОФЕ СТАҚАНДАРЫ АРҚЫЛЫ ІШКІ ТУРИЗМ НАСИХАТТАЛМАҚ

Caspian News, 13 мамыр. Енді атыраулықтар мен қала қонақтары кофеханада отырып-ақ өңірдің тарихи-танымдық орындарымен таныса алады. «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы қаладағы кофеханалармен бірлесіп, өңірдің туристік әлеуетін танытудың жаңа форматын іске қосты.

Кофе стақаны — өлке тарихына жолбасшы

Жоба аясында арнайы дизайнмен әзірленген кофе стақандары қолданысқа енді. Онда мұнайлы өлкенің ең танымал 8 туристік орны бейнеленген:

  • Көне Сарайшық қалашығы;

  • Лотос алқабы;

  • Нарын құмы;

  • Ақжайық резерваты мен Каспий табиғаты.

Әр стақанда арнайы QR-код орналасқан. Оны сканерлеу арқылы пайдаланушы «Visit Atyrau» сайтына өтіп, таңдалған орын туралы толық мәлімет ала алады.

Жобаның мүмкіндіктері

Бұл бастама тек суреттермен шектелмейді. Туристік портал арқылы облысқа келген қонақтар үшін пайдалы барлық ақпарат қолжетімді.

Қайсар Махсұтов, «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры:

«Әрбір кофені алған адам Атырауды жаңа қырынан тани бастайды. QR-код арқылы біздің сайтқа өтіп, баруға болатын аймақтар, гастрономиялық орындар, мейрамханалар мен қонақ үйлер туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, сертификатталған гидтердің тізімі де көрсетілген. Бұл — жергілікті тұрғындарға да, қонақтарға да өте ыңғайлы құрал».

Ынтымақтастық меморандумы

Жаңа жобаның таныстырылымы аясында «Visit Atyrau» орталығы мен қаладағы екі ірі кофехана желісі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — жай ғана креативті маркетинг емес, өңірдің рухани және табиғи құндылықтарын заманауи тілде сөйлетудің бір жолы. Болашақта мұндай дизайнмен шығатын өнімдердің түрі мен қамтитын орындарының саны арта түспек.

Оқи отырыңыз...

ДЕПУТАТТАРДЫ БІЛІМ САПАСЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР

Педагог из Атырау удостоен звания «Заслуженный учитель Казахстана»

«Атырау энерго сату» ЖШС заңсыз пайда тапқан