Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыЖаңалықтар

АҚТӨБЕДЕ 7,7 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН ЖОЛ ДАУЫ: ТҰРҒЫНДАР 15 ЖЫЛДАН БЕРІ БАТПАҚ КЕШІП ЖҮР

Caspian News, 13 мамыр. Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік-Батыс ықшам ауданының тұрғындары тағы да наразылыққа шықты. Халықтың айтуынша, тұтас бір аудан 15 жылдан бері сапалы жолға зәру. Миллиардтаған қаражат бөлінгенімен, іс жүзінде батпақ пен шаңнан көз ашу мүмкін болмай отыр.

«Қармен бірге еріп кететін жол»

Тұрғындардың сөзінше, аудандағы жол құрылысы созбалаңға салынған. Мердігерлер жиі ауысып, атқарылған жұмыстың сапасы сын көтермейді. Былтыр күзде ғана төселген асфальт көктемгі қармен бірге шайылып кеткен.

Құрманғали Мұзбаев, жергілікті тұрғын:

«Бәленбай миллиардтаған ақша кетеді, бірақ көше салынбайды. Бордюрді бір салады, бір алып тастайды. Көшені қырады, қайта салады. 15 жыл болды осы жағдай. Такси де, автобус та кірмейді. Құзырлы органдар тексеруі керек».

Әлеуметтік мәселелер: Жедел жәрдем мен мектепке қатынау

Жолдың жоқтығы аймақтағы өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр. Ойдым-ойдым шұңқырлардан жедел жәрдем көлігі уақытылы жете алмайды, ал қоғамдық көлік қатынасы мүлдем үзілген.

Айгүл Әлімбаева, тұрғын:

«Былтыр салған жолды өздеріңіз көріңіздер, түгі қалмаған. Балалар мектепке қалай барады? Мына балшықты кешіп бара жатқан балалардың жағдайы ата-аналардың жанайқайына айналды».

Әкімдік не дейді?

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, бұл жобаның жалпы құны 7,7 миллиард теңгені құрайды. Былтыр оның 1 миллиард теңгесі игерілген. Биылға тағы 500 миллион теңге бөлініп отыр. Бірақ билік өкілдері де кейбір көшелердің сапасыз салынғанын мойындады.

Әділбек Ахмет, Ақтөбе қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

«2024 жылдан бастап “Максдорстрой сервис” компаниясы жұмыс істеп жатыр. Биыл Тайманов, Халида Маманова көшелерін және Оңтүстік-Батыс пен Батыс-2 аралығындағы №1 көшені аяқтау жоспарланған».

Мердігердің уәдесі

Жаңа мердігер компания бөлінген қаражат көлеміне қарай негізгі үш көшедегі жұмысты жаз соңына дейін толық аяқтауға уәде берді. Алайда, 15 жыл бойы уәдеден көз ашпаған тұрғындар бұл жолғы жұмыстың сапасына күмәнмен қарайды. Олар құрылыс барысын қоғамдық бақылауға алуды талап етіп отыр.

Жоба туралы қысқаша мәлімет:

  • Жалпы құны: 7,7 млрд теңге.

  • Биылғы бөлінген қаражат: 500 млн теңге.

  • Мердігер мекеме: «Максдорстрой сервис».

  • Жоспарланған мерзім: 2026 жылдың жаз соңы.

Оқи отырыңыз...

Выпущена новая серия банкнот — первой в обращение поступит 5 000 тенге

КОРЕЙЦЫ ПОМОГУТ

САЙЛАУ КЕЗІНДЕ ПАРТИЯНЫ ТЕГІН ҚОЛДАҒАН БЛОГЕРЛЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНУЫ МҮМКІН