Caspian News, 13 мамыр. Индер ауданында Жеңіс күні мерекесіне орай ауқымды ат спорты сайыстары өтті. Индер, Атырау және Орал өңірлерінен жиналған ең жүйрік тұлпарлар мен мерген шабандоздар қатысқан жарыс көрермендерге нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жарыс түрлері және жүлде қоры
Ұлттық спортты дәріптеген дода бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылды:
-
Тай жарыс;
-
Құнан бәйге;
-
Атан жарыс;
-
Аламан бәйге.
Әсіресе, жүлде қоры 1 миллион теңгені құраған аламан бәйге көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. 21 шақырымдық ұзақ қашықтықта жүйріктердің төзімі мен шабандоздардың шеберлігі сынға түсті.
Базаршоланның бағы жанды
Тартысты өткен аламан бәйгеде Базаршолан ауылының намысын қорғаған 6-сынып оқушысы Шабдан Орынбек мәре сызығын бірінші болып қиып, бас жүлдені иеленді.
Сырым Санатұлы, атбегі:
«Бүгін Индер ауданында Жеңіс күніне орай өткен жарысқа қатыстық. Алланың қалауымен 21 шақырымдық аламан бәйгеде атымыз бірінші келді. Шабандозымыз Шабдан Орынбек өте жақсы өнер көрсетті. Осындай ұлттық рухты оятатын шаралар жиі болып тұрсын», — деді ол қуанышымен бөлісіп.
Спорттың өзге түрлері де қамтылды
Мерекелік шара тек ат жарысымен шектелген жоқ. Көрермендер мен қатысушылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынасты:
-
Қазақ күресі;
-
Гір тасын көтеру;
-
Қол күресі (ерлер мен әйелдер арасында).
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Индерліктер мен қонақтар ұлттық спортты қолдап, мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырған азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
