Caspian news — батыс аймақтық телеарнасы
АймақтарАқтөбе жаңалықтарыБасты ақпаратЖаңалықтарҚоғам

АҚТӨБЕДЕГІ «АВИАТОР» ТҰРҒЫНДАРЫ 15 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖОЛ АЗАБЫН ТАРТЫП КЕЛЕДІ

Caspian News, 8 мамыр. Ақтөбе қаласындағы «Авиатор» ықшам ауданының тұрғындары билік өкілдерінен көшелеріне асфальт төсеуді талап етуде. Әсіресе «Ұшқыштар» көшесінің халқы әбден тозған жолдың зардабын тартып отыр.

15 жылдық күту мен сәтсіз әрекеттер

Тұрғындардың айтуынша, бұл ауданда инфрақұрылым мәселесі жылдар бойы шешімін таппай келеді. Тіпті, халық амалсыздан өз қаражаттарына қиыршық тас төсеп көрген, алайда ол ұзаққа шыдамаған.

«Осы көшеде тұрғанымызға 15 жыл болды. Содан бері жол көргеніміз жоқ. Балалар, немерелер мектепке бара жатқанда суға батып, балшық кешеді. Өз күшімізбен жөндеп едік, ол бір жылға да жетпеді, алғашқы жаңбырдан кейін қайта ойылып қалды», — дейді жергілікті тұрғын Қуандық Көкеев.

«Қаланың ортасы, бірақ жол жоқ»

Тұрғындар «Авиатор» ықшам ауданының әуежайға жақын, қаланың стратегиялық маңызды бөлігінде орналасқанына қарамастан, қараусыз қалғанына наразы. Мәселе тек бір көшеде емес, бүкіл аудан бойынша асфальттың жоқтығында болып отыр.

Тұрғындардың басты шағымдары:

  • Батпақ пен шұңқыр: Күз бен көктем мезгілінде көшелер жүруге келмейтін ми батпаққа айналады.

  • Балалардың қауіпсіздігі: Жақын маңдағы мектеп пен балабақшаға баратын бүлдіршіндер күнделікті лай кешуге мәжбүр.

  • Көрші көшелердегі жағдай: «Ұшқыштар» көшесінен бөлек, маңайдағы өзге де көшелерде жағдай осыған ұқсас.

Әкімдіктің жауабы: Жоба әзірленуде

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл мәселеден хабардар екенін айтты. Қазіргі таңда «Авиатор» мөлтек ауданындағы жолдарды жөндеу үшін құжаттар дайындалып жатыр.

Кенжебек Есен, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

  • «Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Оның ішінде «Ұшқыштар» көшесі де бар. Маусым айында жобаны сараптамадан өткізуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін ғана бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі», — деп түсіндірді.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, егер қаржы мәселесі оң шешімін тапса, құрылыс жұмыстары келесі жылы басталуы мүмкін. Ал оған дейін «Ұшқыштар» көшесінің тұрғындарына тағы бір маусымды балшық кешіп өткізуге тура келетін түрі бар.

Оқи отырыңыз...

МИНИСТР В МАХАМБЕТЕ

ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ МҰНАЙ-ГАЗ СЕКТОРЫНДАҒЫ АХУАЛ ТУРАЛЫ АЙТТЫ

ТЕМІРЛАН АНАРБЕКОВ — ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ МАТЧЫНЫҢ ҮЗДІК ОЙЫНШЫСЫ