Caspian News, 7 мамыр. Атырау қаласында тұратын 10 жасар Мирас Мамытбай еліміздегі ең жас барлаушылардың бірі ретінде танылып жүр. Небәрі мектеп қабырғасында жүрсе де, жеткіншек бүгіннен бастап №41433 әскери бөлімінде сарбаздармен иық тіресе жаттығу жасап, әскери өмірдің қыр-сырын меңгеруде.
Әскери бөлімдегі жас сарбаз
Мирас сабақтан тыс уақытын қатардағы сарбаздармен бірге тактикалық дайындық алаңында өткізеді. Ол қысқа уақыт ішінде қару-жарақты шашып-жинауды үйреніп, әскери оқу-жаттығуларда ересектерден қалыспайтын ширақтық танытып келеді.
«Мен болашақта әкем сияқты барлаушы болғым келеді. Сол үшін қазірден бастап ант қабылдап, түрлі жаттығулар жасап жүрмін. Алдағы уақытта Отанға қызмет етіп, мамандығымды осы саламен байланыстырамын», — дейді жас барлаушы Мирас Мамытбай.
«Әке көрген оқ жонар»
Мирастың бұл қадамына әкесі Тыныштықбай Тортаевтың кәсіби жолы үлкен әсер еткен. Соңғы екі жыл бойы әкесіне еріп, «барлау» полкінің тыныс-тіршілігімен танысқан өрен әскери тәртіпке ерте бейімделген. Сондай-ақ, оның әскери оқуда жүрген ағасы да інісіне үлкен үлгі болып отыр.
Мирастың әкесі Тыныштықбай Тортаев ұлының бұл таңдауын мақтан тұтады:
-
«Үлкен ұлым әскери оқуда, оның киім киісі мен сөйлеу мәнері кіші ұлыма қатты әсер етті. Мирас жақында ғана ант қабылдады. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, оның Отанға деген сенімі мен патриоттық рухына мен тек қуаныштымын», — дейді ол.
Болашаққа жоспар
Жас жеткіншек үшін әскери бөлім тек жаттығу орны емес, нағыз жауапкершілік пен төзімділіктің мектебіне айналған. Алдағы уақытта Мирас мектептегі оқуын жалғастыра отырып, кәсіби әскери білім алуды және болашақта ел шебін қорғайтын нағыз офицер болуды армандайды.
Бұл бастама — өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді қалыптастырудың және ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.
