Басты ақпаратЖаңалықтарМұнай-газ саласындағы жаңалықтар

АТЫРАУДА МҰНАЙ-ХИМИЯҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ ҚҰРЫЛАДЫ

Caspian News, 18 желтоқсан. Атырау облысында мұнай-химия саласына бағытталған «Атырау» арнайы экономикалық аймағы (АЭА) құрылды. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шапкенов Үкімет отырысына қатысқаннан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Әкімнің айтуынша, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектеновке облыстың 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалған. Негізгі көрсеткіштердің басым бөлігінде оң өсім байқалады. Инвестиция мен құрылыс саласында төмендеу тіркелгенімен, оған Теңіз кен орнындағы болашақ кеңейту жобасының аяқталуы себеп болған. Былтыр бұл жобаға 725 млрд теңгеден астам инвестиция салынса, биыл қаржы бөлінбеген.

Сонымен қатар, басқа салалардағы инвестициялар айтарлықтай артқан. 11 айдың қорытындысы бойынша олардың көлемі 36,5%-ға өсіп, 1,48 трлн теңгені құрады. Бұл өңір экономикасының тек мұнай-газ жобаларына ғана тәуелді емес екенін көрсетеді.

Қазіргі таңда облыста 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың бірқатары іске қосылған. Жобалар өнеркәсіп, өңдеу саласы мен агробизнесті дамытуға, сондай-ақ шикізаттық емес секторда жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Нәтижесінде 1 320 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Өнеркәсіпте қаптама материалдары, композиттер өндірісі, вагон дөңгелектерін жөндеу, металл конструкцияларын шығару жолға қойылуда. Агроөнеркәсіп кешенінде құс фабрикалары, жылыжайлар, көкөніс қоймалары мен балық шаруашылықтары дамып келеді.

🔹 Мұнай-газ химиясы – басым бағыт
Өңірде жалпы құны 6,8 трлн теңге болатын 11 ірі жоба іске асырылуда. Олар шамамен 3 мың тұрақты және 20 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашуды көздейді. Атап айтқанда, полиэтилен зауыттары, Қашағандағы газ өңдеу зауыты, газ-сепарациялық кешен бар. Ал келесі жылы бутадиен және оның туындыларын өндіретін зауыттың құрылысы басталады.

Сондай-ақ жеке «Еуразия» индустриялық аймағында 8 жоба іске асырылып, 120 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Атырау» арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданған. Бұл аймақ терең өңдеуді дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге және шағын әрі орта бизнесті қолдауға бағытталады.

📌 АЭА аясында:
– шамамен 320 млрд теңге инвестиция тарту;
3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған.

«Біздің мақсат – тек шикізат өндіру емес, оны өңдеу, өнеркәсіпті дамыту және сапалы жұмыс орындарын құру. Бұл өңірдің тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Серік Шапкенов.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *