Caspian News, 17 желтоқсан. Ақтау мен Сумгаит қалаларын байланыстыратын Каспий теңізі түбімен тартылатын талшықты-оптикалық байланыс желісінің (ВОЛС) құрылысы 2026 жылы аяқталады. Бұл туралы Бакуде өткен қазақ-әзербайжан қарым-қатынасына арналған дөңгелек үстелде мәлім етілді.
Аталған іс-шара Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында, 15 желтоқсанда ұйымдастырылған. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, дөңгелек үстелге Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Әзер Аллахверянов, сондай-ақ жетекші сараптамалық орталықтардың басшылары мен дипломаттар қатысты.
Кездесу барысында сарапшылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне қатысу мақсатымен жасаған сапары мен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің 2025 жылдың қазан айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелеріне жоғары баға берді. Тараптар екіжақты саяси диалогтың бұрын-соңды болмаған қарқыны энергетика мен көлік саласындағы бірлескен стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға серпін беріп отырғанын атап өтті.
Осы орайда Елші Әлім Байел Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ), Қазақстан мұнайы мен уранын Әзербайжан аумағы арқылы экспорттау жобаларының, сондай-ақ Каспий теңізі түбімен тартылатын ВОЛС-тың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы 2026 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ дипломат 2025 жылы Қазақстан алғаш рет Әзербайжан нарығындағы негізгі бидай жеткізуші елге айналғанын айтып, бұл нәтижені алдағы уақытта да сақтап қалуға үміт білдірді.
Елші қыркүйек айында жарияланған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын да таныстырды. Атап айтқанда, алдағы парламенттік реформалар мен жасанды интеллектті дамытуға беріліп отырған басымдыққа тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында сарапшылар Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Әзербайжан депутаты Ә.Аллахверянов ТМҰ елдерінің үкіметтік емес ұйымдарына арналған платформа құру бастамасын көтерсе, STEM аналитикалық орталығының директоры Орхан Йолчұев жас ғалымдар мен жас мамандар үшін әуе рейстерін субсидиялау ұсынысын айтты.
Сонымен қатар, Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық форматына қосылуына байланысты 2026 жылы С6 форматындағы талдамалық орталықтар форумын өткізу ұсынылды. Фархад Мамедов өз сөзінде әзербайжан-армян қатынастарын қалыпқа келтіру үдерісіне тоқталып, 2026 жылы бұл бағытта ілгерілеу болады деген үмітін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан астығының Әзербайжан арқылы Арменияға жеткізіле бастауы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Іс-шара барысында энергетика, көлік-логистика, ғылыми-сараптамалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелері де кеңінен талқыланды.
Бұған дейін «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихтағы алғашқы оптикалық кабель Ақтау мен Сумгаит қалалары арасында Каспий теңізі түбімен тартылып жатқанын хабарлаған болатын. Оның айтуынша, бұл жоба Азия мен Еуропаны жалғайтын телекоммуникациялық көпірге айналады. Байланыс желісінің өткізу қабілеті кемінде 400 Тбит/с болып, ұзақ жылдарға есептелген.








