Басты ақпаратЖаңалықтар

АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫНА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ

Caspian News, 8 желтоқсан. Атырау облысының әкімшілік орталығы саналатын Атырау қаласы өңірдің сәулеттік келбетін айшықтап қана қоймай, тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта болуы тиіс. Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Оның айтуынша, өткен аптада жауапты басшылардың қатысуымен кеңейтілген жиын өткізілген. Жиында қаланың бас жоспарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қаралды. К.Нұртаев бас жоспардың қала дамуын кешенді жоспарлайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Бас жоспар аумақтың жоспарлануын, функционалды-қалалық аймақтарға бөлінуін, қоғамдық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыруды, инженерлік инфрақұрылымды, абаттандыру мен көгалдандыру мәселелерін қамтиды. Бұл жұмыс тек қаланың сәулеттік бейнесін жақсартуға емес, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға да бағытталған. Сондықтан құжаттағы кемшіліктерге жол бермеу ерекше маңызды.

«Жиында біз бас жоспардың эскиздік жобасын, қоршаған ортаны қорғау және көше-жол желісіне қатысты жобалық шешімдерді жан-жақты талдап, нақты ұсыныстар әзірледік. Жалпы, өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы өткен жылдың мамайында басталып, 2026 жылы аяқталады.

Кездесу қорытындысы бойынша мен қала әкімі мен салалық басқарма басшыларына қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, Атырау облысының су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жобаларын, сондай-ақ тазарту құрылыстарының санитарлық-қорғау аймақтарын анықтайтын құжаттарды бекітуді және сібір жарасы көмілуіне қатысты мәселелерді жедел шешуді тапсырдым.

Бас жоспарды әзірлеу барысында біз қарқынды дамып келе жатқан қаланың барлық қажеттіліктерін ескеретін боламыз. Жоспарда тұрғындар үшін барынша қолайлы жағдай жасау қарастырылған. Жұмыс жалғасады, әрі оның орындалуын өзім жеке бақылауда ұстаймын», — деп жазды Қайрат Нұртаев.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *