Басты ақпаратЖаңалықтар

АТЭЦ: «КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ТАРИФ 40%-ҒА ӨСУІ МҮМКІН»

Caspian News, 8 желтоқсан. Атырау жылу-электр орталығының (АТЭЦ) бас директоры Максот Аленовтың айтуынша, келесі жылы тұрғындар үшін жылу тарифі 40%-ға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы мәселе Атырау облысы әкімдігінде өткен қоғамдық кеңес отырысында көтерілді.

Негізгі себеп – газ жеткізушінің өзгеруі

Бұған дейін ТЭЦ газды «Теңізшевройлдан» (ТШО) тікелей алса, 2026 жылдан бастап жеткізу тізбегіне арада делдал компания – «Qazaqgaz Aimaq» қосылмақ.

АТЭЦ басшысының айтуынша, тарифтің қымбаттау қаупі өте жоғары:

«Жыл сайын ТШО-дан алатын газға 8,9 млрд теңге жұмсасақ, келесі жылы «Қазақгазаймақтан» алатын болсақ, 30 млрд теңгеден астам ақша төлеуге тура келеді. Айырмасы – 21,7 млрд теңге. Бұл тарифке енгізілуі мүмкін», – деді Максот Аленов.


Қоғамдық кеңес: «Неліктен мәселе сегіз ай бойы шешілмей келеді?»

Қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Құмыскалиев жағдайға түсініксіз екенін айтты:

«„Қазақгазаймақ“ бізді ТШО-ға жіберіп отыр. Министрлер де қолдайды. Әкімдік жұмыс істеп жатыр. Ал ТШО неге бұл қадамға бара алмай отыр? Бізге айтылмай отырған не бар? ТШО үшін бұл ақша түк емес қой. Әлде біреулер сіздердің аузыңдарыңызды жапты ма?», – деді ол.


«Qazaqgaz Aimaq»: «Бұл – біздің бастама емес»

Компанияның Атырау өндірістік филиалының директоры Қайсар Рахметов делдал болу туралы бастаманы өздері көтермегенін айтты.

«Бұл – „Qazaqgaz Aimaq“-тың бастамасы емес. Біз ТШО-дан ресми хат алдық, сондықтан бұл мәселені қарастырып отырмыз. Позициямыз – ТЭЦ-ті қолдау. Газ ТШО-да қалғанын қалаймыз. Біз жеткізілімді өзімізге беруді талап етіп отырған жоқпыз», – деді ол.

Егер жаңа тариф халыққа ауыр түссе, келісімді бұзуға дайын екенін де жеткізді.


ТШО: «Біз газ беруден бас тартып отырған жоқпыз»

ТШО өкілі Нұрлан Ерғалиевтің айтуынша, олар газ беруді тоқтатпайды, тек келісім меморандумға сәйкес «Qazaqgaz Aimaq»-қа беріліп отыр.

«Біз газ бергіміз келмейді деген әңгіме жоқ. Жеткізу „Қазақгазаймаққа“ беріледі, ал олар АТЭЦ-ке береді. Бұл мәселе әкім, министрлік деңгейінде талқыланды. Қазір шешім ізделіп жатыр. Нақты шешім жоқ», – деді ол.


Әкімдік: «Газ бағасы 74%-ға қымбаттайды»

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев сегіз ай бойы бұл мәселе жан-жақты қаралғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда:

«Газ бағасы 74%-ға өсейін деп тұр. 5 теңгеден 33 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Антимонополиялық заң бойынша ТЭЦ газды тікелей ТШО-дан ала алады. Біз мұны ТШО-ға түсіндірдік. Қазір мәселе Премьер-министр деңгейінде қаралып жатыр», – деді ол.


Қорытынды

Ұсынылып отырған өзгеріс тұрғындарға ауыр салмақ салуы мүмкін. Халыққа тарифті 40%-ға қымбаттататын бастаманың анық-қанығына әлі де толық түсінік жоқ. Тараптардың бір-біріне сілтеуі жағдайды күрделендіріп отыр.

Халық арасында айтылғандай, «екі түйе күрессе, арасында шыбын өледі» – уақытында шешім қабылданбаса, оның салдары қарапайым тұтынушыларға тиеді.

Қазір бар үміт – мәселе Премьер-министр деңгейінде қаралып жатқандықтан, облыс басшылығының араласуымен түйткілдің жақын арада шешілуі.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *