Басты ақпаратЖаңалықтар

АТЫРАУЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ КӨШБАСШЫЛАРЫ АСТАНА МЕН АЛМАТЫДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

Caspian News, 24 қараша. Атырау және Жылыой ауданындағы белсенді азаматтық сектор өкілдері еліміздің жетекші қоғамдық ұйымдарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу мақсатында Астана мен Алматы қалаларына барып қайтты. Сапар «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен «Qabilet» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан «Qabilet» коммерциялық емес ұйымдар акселераторы жобасы аясында өтті.

Жалпы 54 тыңдаушының ішінен ең белсенді 14 қатысушы таңдалып, еліміздің үшінші секторында танылған ұйымдарда стажировкадан өтті. Олар Астанада 4, Алматыда 9 ұйымның қызметімен танысып, шеберлік сабақтары мен оқыту сессияларына қатысты.

«Qabilet» қорының жетекшісі Алтынгүл Атабаева мұндай сапарлардың маңыздылығын атап өтті:
«Акселератор бағдарламасы бойынша 54 адам оқып жатыр. Соның ішіндегі ең белсенді 14 қатысушыны стажировкага апардық. Мұндай мүмкіндік үшін „Теңізшевройл“ компаниясына алғыс айтамыз! Бұл сапар қатысушыларға жаңа көкжиегі ашылып, ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыруға жол ашады», – деді ол.

Стажировка барысында қатысушылар азаматтық қоғам жетекшілерімен тікелей байланыс орнатып, кәсіби желісін кеңейтуге мүмкіндік алды.

«Нейродетки чудо есть» ұйымының жетекшісі Салтанат Алмағамбетова сапардан ерекше әсер алғанын жеткізді:
«Эмоциялар сөзбен айтып жеткізгісіз. Мұндай деңгейдегі тәжірибе алмасу мен күтпеген мүмкіндіктер біздің жұмысымызға жаңа көзқарас қалыптастырды. Әр өңірде әлеуметтік мәселелер ұқсас болғанымен, оларды шешу тәсілдері әртүрлі. Бізге осындай мүмкіндік берген ТШО мен менторларымызға зор алғыс айтамын», – деді ол.

Атыраудағы «Qabilet» бағдарламасының координаторы Нелля Төлегенова әр қатысушы өз саласына сай ұйымдармен танысу мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті:
«Біздің бағдарлама қатысушылары жеке қорлармен де, корпоративтік қорлармен де, қоғамдық бірлестіктермен де танысты. Әрқайсысы өзіне сәйкес бағыттағы ұйымнан тәжірибе жинақтады», – деді ол.

Жоба биылдан бастап аймақтағы коммерциялық емес ұйымдар, волонтерлік топтар мен азаматтық бастамаларға оқыту, кеңес беру және сүйемелдеу қызметін көрсетіп келеді. Стажировка бағдарламасы өңірде мықты әрі тұрақты азаматтық қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *