Caspian News, 14 қараша. Өңірдегі мұнай өңдеу саласының ең танымал еңбек әулеттерінің бірі — Шандиевтер жанұясы. Үш буын өкілдерінің жалпы еңбек өтілі бүгінде 190 жылға жақындап, оларды саладағы ең жарқын әулеттердің біріне айналдырып отыр.
Ерғали мен Қадиша Шандиевтердің есімдері мұнай өңдеу зауытының тарихына алтын әріппен жазылған. Ерғали Шандиев зауытқа 1953 жылы жұмысқа орналасса, жұбайы Қадиша қауіпсіздік қызметінде еңбек еткен. Олардың ұлдары — Болат №4 цехта, ал Аманжол өрт қауіпсіздігі инспекторы болып жұмыс істеген.
Аманжолдың жұбайы Илан Шандиева 1981–2013 жылдары №1 цехта еңбек етіп, өндірістің дамуына маңызды үлес қосты.
Әулеттің жалғасы – үшінші буын
Бүгінде Аманжол мен Иланның ұлдары — Артур мен Тимур Шандиевтер — 2003 жылдан бері мұнайды терең өңдеу және мұнай өнімдерін күкірттен тазарту қондырғыларында еңбек етіп келеді.
Отбасының күйеу баласы Роберт Медикешов те жоғары дәрежелі дәнекерлеуші.
Артур Шандиев зауыттағы жұмыс жайлы:
«Жұмыс орны — екінші үйің. Бала күнімізден естіген әңгімелер, көргеніміз бізді осы жолға әкелді. Біз техникалық режимді бақылап, мониторинг жүргізіп, сапалы бензин мен керосин өндіруге жауаптымыз», — дейді.
Әйелдер еңбегі – әулеттің ажырамас бөлігі
Шандиевтер жанұясындағы әйелдердің де зауыт тарихында өзіндік орны бар.
Гүлбарша Шандиева 1985–2016 жылдары кадр бөлімінде және жылу электр орталығында қызмет еткен.
Ал Гүлбақыт Шандиева 1993–1995 жылдары №2 цехта оператор болып жұмыс істеп, кейін зауыттың еншілес кәсіпорындарында еңбек жолын жалғастырған.
Гүлбарша Шандиева өз сөзінде:
«Бала кезден зауыттағы еңбекті көріп, оған қызығып өстім. Бұл мен үшін қымбат әлем болды. Арманым орындалып, зейнетке дейін сонда жұмыс істедім. Зауыт бізге жауапкершілік пен еңбекқорлықты үйретті», — дейді.
Республикалық деңгейде мойындалған әулет
Шандиевтер әулетінің еңбегі жоғары бағаланып, олар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанды. Енді әулет республикалық финалда өңір намысын қорғайды.
Олардың қиындықты жеңген, адал еңбекке негізделген жолы — еңбек дәстүрінің, ұрпақ сабақтастығының айқын үлгісі.







