Caspian News, 10 қараша. Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Қызылсүйір ауылында Қазақстандағы алғашқы автоматтандырылған түйе сүтін сауу цехы іске қосылды.
Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жоба «Қарағантүбек» ЖШС тарапынан Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамыту және экологиялық таза өнім өндіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асқан.
Жаңа цехта түйе сүтін сауу процесі толық автоматтандырылған. Барлық жабдық Германияда жасалған. Кәсіпорын тәулігіне 400 тоннаға дейін түйе сүтін өндіре алады. Қазіргі таңда цехта 100 түйе сауылады, ал болашақта олардың санын 2000 басқа дейін арттыру жоспарланып отыр.
Кәсіпорын тазартылған ауыз сумен және баламалы энергия көздерімен толық қамтамасыз етілген. Судың көзі — 150 метр тереңдіктегі ұңғыма, ал электр энергиясы күн панельдері арқылы өндіріледі.
«Жобаны іске асыру барысында 15 адам жұмысқа орналастырылды. Цех толық қуатына шыққан кезде тұрақты түрде 10 қызметкер еңбек ететін болады», — делінген әкімдік хабарламасында.
Жоба іске қосылғаннан кейін аймақтағы экологиялық таза өнім өндірісінің көлемі артып, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары ашылмақ.








