Caspian News, 5 қараша. Қазақстан қазан айында Германияға мұнай жеткізілімін айтарлықтай ұлғайтты. Энергетика министрлігінің және халықаралық агенттіктердің мәліметінше, қазан айында «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 225 мың тонна мұнай жөнелтілді. Бұл қыркүйек айындағы 180 мың тоннамен салыстырғанда 21%-ға көп.
Сонымен қатар, Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) бағытындағы тасымал да жанданды. Қазан айында бұл бағытпен 27 мың тонна мұнай экспортталды, бұл өткен аймен салыстырғанда 45%-ға артық көрсеткіш. Мұндай серпіліс тамыз айындағы сапа мәселелерінен кейінгі үзілістен соң байқалып отыр.
Алайда Қазақстан өз жоспарларын сәл түзетті. Германияға «Дружба» құбыры арқылы биыл 2 млн тонна мұнай жеткізу көзделіп отыр. Бұған дейінгі жоспар 2,5 млн тонна болған. Салыстырмалы түрде айтқанда, өткен жылы осы бағытпен 1,5 млн тонна мұнай экспортталған. «ҚазМұнайГаз» компаниясы Германиямен келісімді 2026 жылдың соңына дейін ұзартқан.
БТД бағыты бойынша да алдағы айларда өсім күтілуде. Қараша айында «Теңізшевройл» компаниясы осы маршрутпен 130 мың тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр. Биылғы жоспар 1,7 млн тоннадан 1,2 млн тоннаға төмендетілгенімен, келесі жылы жеткізілім көлемі 1,5–2,2 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, «Дружба» және БТД бағыттары Қазақстанға ресейлік порттарға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, негізгі экспорт үлесі әлі де Каспий Құбыр Консорциумы (КТК) жүйесіне тиесілі. Қазіргі таңда Қазақстан мұнайы көлемінің 80%-дан астамы Новороссийскке жеткізіледі.
Айта кетейік, КТК 2025 жылға арналған мұнай тасымалдау жоспарын 76 млн тоннадан 74 млн тоннаға дейін төмендеткен.
Дереккөз: Bloomberg, ҚР Энергетика министрлігі








