Caspian News, 4 қараша. Атырау облысындағы мұнай-газ химиясы жобалары бойынша тендерлерге қатысып жүрген қытайлық мердігерлер нарықтағы бағадан едәуір төмен баға ұсынып, демпингке жол беріп отыр. Бұл туралы PetroCouncil қауымдастығы Үкімет басшысының атына жолдаған ресми хатында мәлімдеді.
Қауымдастықтың мәліметінше, шетелдік компаниялар өз елдерінен көп көлемде жұмыс күші мен техникалық ресурстар тарта отырып, қызмет пен жұмыстарды отандық компаниялардың ұсыныстарынан 70 пайызға дейін арзан бағамен ұсынып жүр.
«Мұндай әділетсіз бәсекелестік жергілікті компанияларды шығынға ұшыратып, нарықтан ығыстыру қаупін тудырады. Бұл өз кезегінде әлеуметтік тұрақсыздыққа, кадрлардағы қазақстандық үлестің азаюына және жобалардың сапасы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», — делінген хатта.
PetroCouncil Үкіметтен және «ҚазМұнайГаздан» қазақстандық бизнесті «нарыққа сай емес» бәсекеден қорғауға бағытталған шаралар қабылдауды сұрайды. Атап айтқанда, қауымдастық келесі ұсыныстарды білдірді:
▪️ Демпингтің ең төменгі шегін (мысалы, 20%) белгілеу және Қазақстанда толық өндірілетін тауарлар бойынша антидемпингтік баж салығын енгізу;
▪️ «Екінші ең жақсы баға» қағидатын қолдану – баға айырмасы аз болған жағдайда отандық компанияларға басымдық беру;
▪️ Жұмыс пен қызмет құнының құрамында қазақстандық үлес көрсеткішінің салмағын арттыру;
▪️ Мұнай-газ химиясы жобаларына арналған ОТП (отандық тауар өндірушілер) реестрін құрып, оларды 5 жылға дейін кедендік баждан босату;
▪️ Шетелдік жұмыс күшін тартуға шектеу қою және еңбек заңнамасының орындалуын күшейту.
PetroCouncil атап өткендей, қазіргі таңда Атырау облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен ірі газ-химия жобалары – полиэтилен, бутадиен және KMG PetroChem жобалары іске асырылуда.
Қауымдастық бұл жобаларда қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау және әділ бәсекелестік орнату қажеттігін алға тартады.








