Caspian News, 4 қараша. АҚШ президенті Дональд Трамп Нигериядағы христиандарға қарсы жасалып жатқан қырғынға байланысты мәлімдеме жасады. Ол Нигерия билігі жағдайды бақылауға алмаса, Америка әскери әрекетке баруы мүмкін екенін ескертті.
Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында:
«Егер Нигерия үкіметі христиандардың қырғынға ұшырауына жол беруді жалғастырса, АҚШ Нигерияға көрсетілетін барлық көмекті тоқтатып, қырғын салып жатқан исламист-лаңкестерді жою үшін шара қолдануы мүмкін», — деп жазды.
Сондай-ақ, ол Пентагонға осы мәселе бойынша дайындық жүргізуді тапсырғанын мәлімдеді.
АҚШ-тың соғыс министрі Пит Хегсет те Трамптың мәлімдемесін қолдап, Нигериядағы христиандарға қарсы зорлық-зомбылық дереу тоқтатылуы тиіс екенін айтты.
Нигерия билігі өз кезегінде лаңкестердің әрекетіне діні мен ұлтына қарамастан бейбіт тұрғындар құрбан болып жатқанын хабарлады. Президент өкілі Даниэл Бвала Трамптың бастамасын қолдайтынын, бірақ кез келген әскери операция Нигерия үкіметімен келісіліп жүзеге асуы тиіс екенін жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, Трамп сөз еткен лаңкестер — Нигерияның солтүстік-шығысында белсенді «Боко Харам» ұйымының содырлары. Бұл топ ондаған жылдар бойы елдің ауылдарына шабуыл жасап, мыңдаған адамның өмірін қиған.
Халықаралық ұйымдардың мәліметінше, соңғы 15 жылда Нигерияда лаңкестік пен діни қақтығыстар салдарынан 1,2 миллионнан астам адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр болған.





