Ақша — биліктің бір түрі, бірақ қаржы сауаты одан да құдіретті күш.
Роберт Кийосаки
Адам өмірінің өзегі – күнкөріс қамы мен болашаққа сенімділік. Ал сол сенімділіктің тірегі – қаржыны дұрыс басқару өнері. Ақша – қолдағы құм секілді: ұқсата білсең, пайдаға жарайды, ұқсата алмасаң, сусып жоқ болады. Ресми дерекке сүйенсек, биыл жыл басында несие алу жағынан Қазақстан халқы рекордтық деңгейге жеткен. Халықтың жұмыс істейтін бөлігінің 100 пайызының басында несие бар, — дейді бірінші Кредиттік бюро сараптамалық орталығы. Нақтырақ айтсақ, 9 миллионнан астам қазақстандықтың (ал бұл экономикалық тұрғыдан белсенді саналатын тұрғындардың 80 пайызы деген сөз) басында жалпы сомасы 24 триллион теңгеден астам қарызы бар. Оның ішінде ең көбі – тұтынушылық несие. Одан кейінгі орында ипотека және автонесие тұр. Қазір біздің елдегі банктердің есебінде несиесін өтей алмай жүрген 500 000 адам бар. Бұдан бөлек 350 000 адам шағын несие ұйымдарына берешегін уақытылы және өтей алмай жүр.
Қазіргі кезде әр отбасы табыс табумен ғана шектелмей, оны тиімді жұмсауды, сақтауды, көбейтуді үйренуі тиіс. Өйткені қаржылық сауаттылық – тұтас өмір сапасын айқындайтын шешуші фактор. Қазақстанның халқы үшін бұл тақырыптың өзектілігі күн өткен сайын артып келеді. Нарық дамып, цифрлық технология қарыштап, банктік жаңа қызметтер қолжетімді болған сайын, халықтың алдында бұрын болмаған мүмкіндіктің сан түрі ашылды. Бір батырманы басып несие аласың, телефон арқылы депозит ашасың, қосымшаның көмегімен инвестиция жасайсың. Бірақ осындай жеңілдікпен бірге қауіп-қатер де қатар келеді: пайыздық мөлшерлемені дұрыс түсінбеу, алаяқтардың құрбанына айналу, табысты тиімді жоспарламау – қаржыны оқсата алмағанның /сауатсыздықтың/ ащы салдары. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері экономикалық тұрғыдан халықтың мінез-құлқы түбегейлі өзгерді. Бұрын тек қолма-қол ақшаға үйренген жұрт қазір банктік картаны, онлайн-төлемді, несие мен сақтандыруды жиі қолданады. Алайда қаржылық мәдениет дағдысы әлі толық қалыптасқан жоқ. Бұл – уақыт өте келе шешіледі деген мәселе емес, жүйелі білімнің арқасында ғана ілгерілейтін бағыт. Сондықтан қаржылық сауаттылық – жай ғана жеке дағды емес, елдің экономикалық қауіпсіздігі мен болашағының кепілі. Әрбір отбасы өз табысын ақылмен басқара алғанда ғана қоғам тұрақты дамиды, мемлекет берік негізге сүйенеді.
Ресми дерекке сүйенсек, 2023 жылы еліміздегі қаржылық сауаттылық индексі 40,5% деңгейінде болған. Бұл – 2022 жылдың көрсеткішімен (40,3%) салыстырғанда мардымсыз ғана өсім, дегенмен жалпы алғанда соңғы төрт жыл бойы халықтың қаржылық мәдениетінің біртіндеп ілгерілеп келе жатқанын көрсетсе керек. Сөзімізді дәлелді болу үшін статистиканы келтіре кетсек, 2020 жылы – 39,07%, 2021 жылы – 39,52%, 2022 жылы – 40,2–40,3% деңгейінде болыпты. Бұл сандар жай ғана статистика емес, қоғамның ой-санасында болып жатқан өзгеріс деген сөз. Яғни, халық арасында қаржылық сауаттылықты үйренуге деген қызығушылық бар, алайда оның қарқыны тым баяу. Дей тұрғанмен, бұл да жақсы үрдіс. Халықаралық ұйымдар келтірген деректерде бұл жағынан Қазақстанның жағдайы соншалықты нашар емес. Мысалы, OECD-тің (Европа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) ТМД елдеріне қатысты жасаған есебіне көз жүгіртсек, біздің елдің халқының қаржылық сауаттылығы шамамен 59,6% деңгейінде бағаланған. Біздегі және аталған ұйымның келтірген дерегінің айырмашылығы — қолданылған әдіс пен сауалнама тәсіліне байланысты болса керек. Дегенмен, бұл көрсеткіш Қазақстанның өз аймағындағы алдыңғы қатарлы елдердің бірі екендігін айқын аңғартады. Яғни, біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, бірақ жүрісіміз әлі де баяу, діттеген межеге жету үшін қарқынды қадам қажет. Ел халқының қаржылық сауаттылығының бүгінгі ахуалын осы екі түрлі дерек – ұлттық индекс пен халықаралық бағалау – екі жақты суреттейді. Ұлттық индекс халықтың базалық қаржылық білімін өлшесе, халықаралық ұйымдарда кең ауқымды сауалнама, түрлі сұрақ пен бағалау шкаласы қолданылады. Дегенмен, бір нәрсе анық: халықаралық кеңістікте Қазақстан халқының қаржылық сауаттылығы жағынан аймақтағы үздік елдердің қатарында. Яғни, бізде ілгерілеу бар, халықтың қаржылық мәдениеті дамып келеді. Екінші жағынан, ол өсімнің баяулығы, халықтың едәуір бөлігінің әлі де қарапайым қаржылық шешім қабылдау кезінде қиналатыны ойландырмай қоймаса керек.
Соңғы жылдары қаржылық қызметтердің қолжетімділігі артып, банктер мен онлайн сервистер халыққа бұрынғыдан да жақындай түсті. Бұл – қаржылық инклюзияның көрінісі. Алайда оның көлеңкелі жағы да бар: берілетін тұтынушылық кредиттің қарқынды түрде өсуі. 2024 жылдың бірінші жартысында үй шаруашылықтарының қарыз деңгейі алаңдатарлық шекке жеткен. Кейбір есеп бойынша, қарыз және табыстың арақатынасы (debt-to-wage ratio) шамамен 47%-ке дейін көтерілген. Ал үй шаруашылықтарының жалпы қарызы ЖІӨ-нің шамамен 15%-ына тең. Бұл – халықтың көпшілігінің несиеге тым тәуелді екенін көрсетеді. Егер қаржылық сауаттылық төмен болса, мұндай үрдіс болашақта макроэкономикалық қиындыққа соқтыруы әбден мүмкін. Ұлттық зерттеу орталығының қызметкерлері халықтың ақпараттану деңгейінің артып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2023 жылы 42,8% азамат қарапайым қаржылық термин мен ұғымдарды жақсырақ түсінетінін көрсеткен. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді: бюджетті жоспарлау, табысты ұзақ мерзімге бөлу, инвестициялық шешім қабылдау жағынан көрсеткіш әлі де төмен. Әсіресе, «қаржыны қалай басқару» дегенге келгенде халықтың осалдығы анық байқалады. Бұған қоса, қаржылық алаяқтық пен түрлі «жалған инвестициялық ұсыныстан» алданып қаламын ба» деген қауіп те халық арасында кең таралған. Бұл – қаржыны басқару мәдениеті енді-енді ғана қалыптасып келе жатқан қоғамның ортақ, осал тұсы.
ҚР Бас прокуратурасы ұсынған мәліметке көз жүгіртсек, 2025 жылдың 8 айында елімізде 14 мыңға жуық интернет алаяқтық тіркелген. Ал келген шығын көлемі 6 миллиард теңгеден асады, бірақ жәбірленушілерге бұл соманың төрттен бірі қайтарылыпты. 217 дроппер немесе делдал (яғни қылмыскерлерге өзінің банк карталарын берген) қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 61 кибергруппаның әрекеті әшкере болыпты. Ал өткен жылы қазақстандықтар интернет-алаяқтар көрсеткен шоттарға 11,5 миллиард теңгеге жуық қаражат аударып жіберіпті. Бұл 2023 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2,8 есе көп. Бұл жерде 11 миллиард теңгені қарапайым тұрғындар алаяқтардың қалтасына өз қолымен салып бергенін айта кетейік.
Соңғы жылдары онлайн несие мен POS-кредиттер қазақстандықтардың күнделікті өміріне етене еніп үлгерді. Қолыңдағы телефон арқылы бір батырманы басып, қысқа мерзімді қарыз алу бұрынғыдай күрделі емес. 2023–2024 жылдардағы банктік статистика бұл үрдістің қарқынды өскенін дәлелдейді: цифрлық платформалар арқылы берілген микроқарыз үлесі жылдан жылға артып келеді. Бірақ мәселе – көп жағдайда қарыз шартындағы ұсақ әріптермен жазылған жазуды ешкім оқымайды. Пайыздық мөлшерлеме, жасырын комиссия, төлем мерзімі туралы дұрыс ақпарат берілмегендіктен, халық күтпеген жерден борыш қақпанына түсіп қалады. Жинақтың орнын қарыз басып, «оңай ақшаның» қалтаға айтарлықтай соғатын ауыр төлемге айналып кететіні секілді мысал көбейіп кетті.
Қаржылық сауаттылықтың тағы бір әлсіз тұсы – жинақтау мен зейнетақы жүйесіне деген көзқарас. Зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, қазақстандықтардың едәуір бөлігі зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейді. Әсіресе жастар мен табысы төмен жандар арасында «зейнеткерлікке дейін әлі көп жыл бар ғой» деген бейқамдық басым. Көпшілік қолындағы қаражатты күнделікті ішіп-жемге жұмсап, өзінің болашағын қамтамасыз етуге асықпайды. Нәтижесінде, жинақтайтын уақыт зу етіп өтіп кетіп, одан кейінгі өмірде қаржылық тұрғыдан қиындыққа тап болып жатады. Қазір түрлі еңбек, мақала, зерттеулерде осы мәселеге ерекше мән беріліп, халыққа ұзақ мерзімді жоспарлаудың артықшылығын насихаттау қажеттігі жиі айтылады.
Қаржылық қызметтің бәрін сандық жүйеге көшіру түрлі мүмкіндікпен бірге қауіпті де ала келді. Әлеуметтік инжиниринг, инвестицияға қатысты жалған ұсыныс, фишингтік хаттар мен жалған жарнама – қазір қарапайым адам кез-келген уақытта кезігер қауіп. Онлайн-транзакция көбейген сайын алаяқтықтың да неше түрі пайда болып жатыр. Ұлттық зерттеу халықтың осы бағытта алаңдаушылығы артқанын көрсетіп отыр: әрбір үшінші азамат интернет арқылы жеке дерегінің таралып кетуінен немесе картасындағы қаражатынан айрылып қалудан қорқады. Бұл үрейдің өзі – қаржылық сауаттылықтың жеткіліксіздігінің айқын көрінісі.
Соңғы жылдары халықтың ақпаратқа қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Әлеуметтік желіде, банктердің ресми парақшасында, түрлі онлайн-платформада қаржылық сауаттылыққа қатысты кеңестің жиі берілетіні рас. Алайда бұл жерде мәселе – алған білімнен нәтиже шығарып, оны дағдыға айналдыруда болып тұр. Көпшілігі пайызды есептеудің қарапайым формуласын түсінсе де, оны несие шартын бағалау кезінде қолдана алмайды. «Бюджетті жасақтау» деген қағиданы естігенімен, табыс пен күнделікті шығынды қағазға түсіріп отыруды әдетке айналдырмаған. Бұл – теория мен практиканың арасындағы алшақтықтың, яғни «білетін, бірақ істей алмайтын немесе істегісі келмейтін» қоғам мүшелерінің көрінісі.
Қаржы ұйымдары мен маркетингтің ықпалы адамның ой-санасына ерекше әсер етеді. Жарнамада «жылдам несие», «онлайн 5 минутта», «құжатсыз-ақ» деген сөздер күнделікті естілетін ұранға айналды. Нәтижесінде, көптеген азамат үшін кредит өмірді жеңілдететін құрал болып көрінеді. Бірақ оның ар жағында пайыздық мөлшерлеменің, айыппұлдың, ай сайынғы төлем секілді ауыр жүк жасырын тұр. Қарыз мөлшерінің өсуі жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның экономикалық қауіпсіздігін әлсіретіп, макроэкономикалық қауіпке алып келеді. Бұл – бастапқыда тым тәтті боп көрінетін қарыздың артындағы ащы шындық.
Бүгінгі жасөспірім – болашақтың тірегі. Бірақ дәл осы буынның қаржылық дағдысының жеткіліксіз екені байқалады. Мектептерде қаржылық сауаттылық әлі жүйелі түрде оқытылмайды, ал отбасында бұл тақырып көбіне назардан тыс қалып жатады. Нәтижесінде жас буын қолына алған алғашқы жалақысын қалай басқаруды білмейді: бір бөлігі ішіп-жем, тағы бір бөлігі киім-кешек, сауық-сайранға кетеді. Яғни, халық үшін арнайы курстар ашқан жөн. Жас отбасыларға, студенттерге, зейнеткерлерге, оқушыларға арналған қысқа курстар мен онлайн-оқу модулі жасақталып, цифрлық алаяқтық дегеннің не екенін түсіндіретін роликтер дайындалып, барынша халық арасында таратылуы тиіс. Мысалы, қарыздың нақты жылдық пайыздық мөлшерлемесін, комиссияларды және нақты төлем кестесін түсінікті тілде көрсету міндетті болуы тиіс яғни, жергілікті нормативтік базаға түзету енгізу қажет.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — Қазақстандағы қаржылық сауаттылық көрсеткіші жыл сайын сатылап өсіп келеді. Алайда бұл өсім – тым баяу, өгіз аяңға ұқсайды. Ал зырғып өтіп жатқан уақыт біздің шапшаң әрекет етуімізді талап етеді. Егер әрбір адам өз табысын күнделікті тұтынуға жұмсамай, ертеңгі күнін де ойлап, жоспарлауды үйренсе, ақшаны жай ғана қағаз не цифр ретінде емес, мүмкіндіктің кілті ретінде қабылдаса, қоғамның да, мемлекеттің де тірегі берік болары сөзсіз. Қаржылық сауаттылық –– отбасының тұрақтылығы, ұрпақтың ертеңге басқан сенімді қадамы, тұтас ұлттың өркендеуінің кепілі. Қаржылық тұрғыдан сауатты халық – экономикалық дағдарыс кезінде де, жалған уәде мен алаяқтыққа тап болса да – не істеу керектігін біледі. Мұндай қоғамда әрбір теңге өз орнын табады, әрбір отбасы өзіне қажетті қорғаныс «жастығын» қалыптастырады, әрбір жас өз болашағына сеніммен қарайды. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттыру – жай ғана жеке адамның емес, мемлекет пен ұлттың стратегиялық мақсатына айналуы тиіс. Қаржылық мәдениеті қалыптасқан қоғам – өркениеттің айнасы. Ол – экономикалық тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік әділеттіліктің кепілі, ұлттық дамудың қуатты қаруы. Ендеше, қаржылық сауаттылықты меңгеру-үйрену жолындағы күшіміз бен ниетіміз, сол мақсатта жұмсаған уақытымыз – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция болмақ.
Жанар Низамутдинова