Өткен жылы ғана «Нұрсая» ықшам ауданындағы көпқабатты үйден пәтер алып қуанған атыраулықтар енді одан қалай құтыламыз деп бас қатырып жүр. Айтуларынша, бір жылға жетер-жетпес уақытта су жаңа баспана сыр бере бастапты.
Тұрғындар тірнектеп жинаған қаржыға алынған баспаналарының сапалы материалдармен салынбағанына ренжулі. Шытынап жатқан қабырғадан бөлек, есік-терезе, баспалдақтың да жағдайы мәз емес.
Мүгедектерге арналған пандустың жақтауы да итеріп қалсаң әні-міні құлағалы тұр.
45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік бюждеттен 399 млн теңге жұмсалған. Мұндағы тұрғындардың тең жартысы баспанаға «Тұрғын үй» құрылыс жинақ банкі арқылы ие болғандар. Ал қалған елу пайызы бюджеттік мекеме қызметкерлері.
Қалалық құрылыс бөлімі мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталып, мердігердің бірнеше рет ауысуы себепті тек 2017-ші жылы ғана аяқталған. Құрылыс компаниясы тарапынан берілетін кепілдік мерзімі әлі бітпеген. Сондықтан, кемшілік жуықта жойылады деп отыр.