Қарсы бағытқа шығып, қаржы ұтып ал! Соңғы кезде автокөлік жүргізушілеріне дәл осындай үндеу тастайтын бейнежазбалар көбейді. Бұндай әрекеттің басты негізі қаржыға бәстесу. Ресми емес деректерге сүйенсек, бәс құны 200 мың теңгеден жоғары. Өкініштісі, дәл осы үндеу Атырау жастары арасында да қолдау тауып отыр. Оған дәлел инстаграм желісіндегі мына видео.
Автокөліктің Авангард және Жилгородок ықшам аудандарын қосатын көпірге көтеріліп келе жатқанын байқауға болады. Қарсы бағытқа шыққан оның өзге жол қозғалысына қатысушыларына қауіп төндіргені айқын. Құзырлы органдардың айтуынша дәл қазір автокөлік иесі іздестірілуде. Әлеуметтік желіде тараған бұл челлендж еліміздің оңтүстік өңірінде бастау алған. Еске сала кетейік, алғашқылардың бірі болып, жол тәртібін бұзған шымкенттік 19 жастағы Қуаныш Ақым. Оған жол жүру ережесін бұзу дерегі бойынша жеті бірдей хаттама толтырылып, жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылған. Бұдан бөлек заң бұзушыға «бұзақылық» бабы бойынша айып тағылып, сот алды тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Егер ол кінәлі деп танылса оған 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.