Көлікті жалған техникалық байқаудан өткізгендерге салынатын айыппұл мөлшері 36 920 теңгеден 369 мың теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, көліктің техникалық жағдайына бей-жай қарау жол апатына себепші болады. Атырауда 39 техникалық байқау операторы тіркелген. Олар жыл басынан бері 20 мыңнан астам көлікті тексеріп, оның 200-інен түрлі кемшілік анықтаған. Алайда, талапқа бағынбай, автокөліктің жағдайы дұрыс болмаса да, техникалық байқаудан өтті деген құжатты оңды-солды беретіндер бар. Атырауда жыл басынан бері осындай 4 кәсіпкер жауапқа тартылып, оларға 73 840 тг көлемінде айыппұл салынған.
Заң жобасында аталған бұзушылықты бір жыл ішінде қайталаған кәсіпкерді қызмет көрсету құқығынан 3 жылға айыру жазасы да көзделген. Сондай-ақ, операторлардың қызметіне қойылатын талап та қатаңдауы мүмкін.