Өткен демалыс күндері Атырау облысында бір де бір қылмыс тіркелмеген. Алайда, мейрам күндері жедел жәрдем қызметіне мыңдаған қоңырау түсіп, жүздеген адам ауруханаға жеткізілген.
31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында полицейлер 330 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Көбі қоғамдық орынды ластап, көшеде мас күйде жүрген, түнгі тыныштықты бұзған. Жалпы өткен демалыс күндері 1 мыңнан аса полицей облыс бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Жаңа жылдың алғашқы 2 күнінде жедел жәрдем стансасына 2800-дей шақырту түсіп, 500-ге жуық науқас ауруханаға жеткізілген. Көбісінің қан қысымы көтеріліп, жіті респираторлық инфекция жұқтырған. Және түрлі жарақат алып, астан уланғандар да бар.
Мейрам күндері облыстық аурухананың зақым-жарақат таңу пунктіне аяқ-қолы сынған, белін ауыртқан бір сөзбен айтқанда түрлі жарақатпен 200-ге жуық адам келіпті.
Демалыс күндері, нақтырақ айтқанда жаңа жыл түні мен 3-қаңтар аралығында облыста 100 сәби дүниеге келіпті. Оның 44-і қыз, 56-сы ер бала .