Ол — өз ісінің шебері. Қолынан шыққан әрбір шаш үлгісі кез-келген аруды нағыз ханшайымға айналдырады. Оған дәлел — халықаралық фестивальдегі бас жүлде. Әлия Ахметованың бұл жетістігі атыраулықтар үшін де, дүйім қазақ халқы үшін де зор мәртебе. Сочи қаласында әлемнің 26 елінен келген 500 қатысушының басын қосқан шаштараздар сайысында жерлесіміз үш номинация бойынша жүлделі орын алды. Дәл осы «Раушан» деп аталатын шаш үлгісі оған бірінші орынды әперсе, «сәнгерлерден» және «қалыңдыққа арналған шаш үлгісі» номинациялары бойынша екінші орынды иемденген.
Әлияның жеңіске жетуіне «Қазақ аруы 2016» байқауының жеңімпазы Ақкүміс Елемесова да өз үлесін қосты. Оған жасалған шаш үлгісі жерлесіміздің бас жүлдегер атануына сеп болған.
Әлия Ахметова алғашында тек қана ерлер шебері болса, кейін бойжеткендер үшін анағұрлым күрделі шаш үлгілерін жасап үйренді. Ісіне деген сүйіспеншілік нәтижесі сол – Әлияның қызметін қажет ететін жандардың қатары көбейді.
Айтпақшы, Әлияның сегіз жыл бұрын ауыр дертке шалдығып, өмір үшін күрескенін біреу білсе, біреу білмес. Ерік-жігері мықты келіншек оны ақыры жеңді. Өзінің айтуынша, оған өмірге, сүйікті ісіне деген махаббат себепші болған. Айта кетейік, Әлия келесі жылдың қыркүйек айында Парижде өтетін шаштараздардың халықаралық сайысынан да жүлдемен оралатынына сенімді.