Маңғыстау облысында «Шоғы Құрылыс Сервис» ЖШС басшысы Дәулетбай Құрбанғалиевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жаңаөзен қаласында салынып жатқан «Жалын» тұрғын үй кешенінің үлескерлері пәтер кілтін әлі күнге дейін ала алмай жүр. Екі тарап арасындағы келісім-шарт 2022 жылы жасалған. Ал 2023-тің күзінде үлескерлер құрылыс қарқынының баяулап кеткеніне байланысты наразылық білдірген еді. Олар қала әкімінің алдына да бірнеше рет барып, компания басшысымен көзбе көз кездесіп, сол кезде Дәулетбай Құрбанғалиев үйді 2024-жылдың тамызына қарай тапсыруға уәде еткен. Бірақ берілген уәде сол жерде қалғанға ұқсайды. Ақыры үлескерлер сотқа арыз түсіріп, құқық қорғау органдары Дәулетбай Құрбанғалиевтен бөлек, оның орынбасары Мақсат Егембердиевтің де үстінен қылмыстық іс қозғады. Бірақ ол компания міндеттемелерінің орындалмауына еш қатысы жоқтығын, өзінің қызметтік міндеті — клиенттерге кеңес беру, келісім-шарттарды, кассалық кіріс ордерлерін дайындау ғана болғанын айтып отыр. Және Егембердиев өзіне 2023-жылдың қазан, қараша, желтоқсан айындағы жалақысы берілмеуі себепті 2024-жылдың қаңтарында жұмыстан кеткенін мәлімдеді.
Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0