Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚМГ мұнай-газ химиясы жобаларын жүзеге асыруда қазақстандық өндірушілерді қолдауды күшейтуде

Атырау қаласында елдегі ең ірі мұнай-газ химиясы жобасы – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы аясында қазақстандық қамтуды дамытуға арналған «Жергілікті құндылық, ортақ даму» форумы өтті.

Іс-шараға 500-ден астам қазақстандық компания, Атырау облысы әкімдігінің, ҚР Энергетика министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның өкілдері, сондай-ақ инвесторлар мен салалық қауымдастықтар қатысты. Ұйымдастырушылар — «Силлено» ЖШС (https://t.me/silleno_llp) және Tecnimont (MAIRE) пен Sinopec Shanghai Engineering Corporation (SSEC) бірлестігі.

Форум халықаралық компаниялар мен отандық өндірушілер арасында тікелей диалог орнататын маңызды алаңға айналды. Қатысушыларға жобаның жүзеге асу барысы және болашақ «Силлено» зауытының полимерлеу қондырғысы мен жалпы шаруашылық нысандар құрылысына қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алу жоспары таныстырылды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде ұлттық компания ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын стратегиялық бағыттардың бірі — мұнай-газ химиясын дамытуға басымдық беретінін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚМГ мұнай-газ химиясын жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл сала индустрияландырудың және шикізат экспортынан терең өңдеуге көшудің негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. ҚМГ қазақстандық қамтуды ұлғайтуды стратегиялық басымдық ретінде қарастырады, бұл өз кезегінде отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Жалпы, ірі жобаларды халықаралық серіктестермен жүзеге асыру барысында жергілікті қамтуға басымдық беріледі: құрылысқа, қызмет көрсетуге және тауар жеткізуге отандық кәсіпорындар кеңінен тартылуда, — деді ҚМГ басшысы.

Форум барысында «Силлено» компаниясының «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастығына (IMB орталығы) қосылуы туралы келісімге қол қойылды. Бұл қазақстандық қамтуды дамытуға және «Полиэтилен» жобасының операторы мен отандық өндірушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етпек.

Болашақ полиэтилен өндіретін зауыттың полимерлеу қондырғысы мен жалпы шаруашылық нысандарын жобалауға Қазақстанның жетекші институттары — «Казгипронефтетранс», «Промстройпроект» және «Институт Карагандинский Промстройпроект» қатысатын болады. Бұл отандық инжиниринг компанияларға ауқымды әрі жоғары технологиялық мұнай-газ химиясы кешенін жобалауда бірегей тәжірибе алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Полиэтилен» жобасының EPC-мердігерлерінің бірі италиялық Tecnimont компаниясы (өңдеу өнеркәсібіндегі әлемдік көшбасшы MAIRE инжиниринг компаниялар тобына кіреді) қазақстандық оқу орындарының түлектеріне арналған болашақ инженерлерді даярлауға бағытталған білім беру бағдарламасын іске қосатынын мәлімдеді. Төрт жыл ішінде үміткерлер техникалық оқудан өтіп, үздіктері MAIRE тобының жаһандық жобаларына, соның ішінде Атырау облысындағы Силлено зауытында еңбек етуге мүмкіндік алады.

Анықтама:

«Силлено» ЖШС — қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы жобасының операторы. Компания акционерлері: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «СИБУР Холдинг» ЖАҚ (30%).

Tecnimont және Sinopec Shanghai Engineering Corporation консорциумы — полиэтилен зауытының полимерлеу қондырғысы мен жалпы шаруашылық нысандарының EPC-мердігері.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *