Атырау облысындағы Темір Құлыбаевтың иелігіндегі Joint Technologies мекемесінен 1,7 млрд теңге өндірілді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады. Құқық қорғау органы өкілінің айтуынша, аталмыш мекеме АМӨЗ-нан «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің 50 пайыз үлесін сатып алған. Алайда, сатып алу-сату шарты бойынша көрсетілген 8 талаптың алтауын бұзыпты. Атап айтсақ, Joint Technologies компаниясы қажет болған жағдайда облысты сұйытылған газ қорымен қамту мақсатында сақталған өнімді заңсыз сатып, 780 млн теңге пайда тапқан. Сонымен бірге, сұйытылған мұнай газын сақтап, тиеу қызметінің құнын екі есеге дейін негізсіз өсіріпті. Және «Қазмұнайгаз» ҰК, «Каспий нефть трейдинг», «Битум профит», Nur Oil Treid ЖШС-тері өнімге қол жеткізе алмай, АМӨЗ-дің сұйытылған газын Құлыбаевтың компаниясы сатып алып, нарыққа иелік еткен.
Қанат ҚАБДОЛОВ, Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі
Сондай-ақ, бәсекелестікті қорғауды бұзғаны үшін Парк сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 324 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұған дейін прокурорлық тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 5,7 млрд теңгеге 50% үлес түріндегі мүлік мемлекетке қайтарылған болатын.