Қаладағы карантин мерзімі маусымның 8-не дейін ұзартылып, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы тағы да толықтырылды. Инфекцияның аудандардан шығуына байланысты аймақтағы карантин кеңістігі ұлғайып, шаhардағы блок-бекеттердің жұмысы тоқтатылмайтын болды.
Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы
-Біздің облысымыздың тұрғындары арасында бұл көрсеткіш әлі жеті пайыздан жоғары боп отыр. Соған байланысты Атыраудағы карантин әрі қарай созылады. Оның үстіне Жылыой ауданында тұрғындар арасында 16 жағдай тіркелді соңғы жұмада. Соған байланысты Жылыой ауданы, Мақат ауданының Мақат поселкесінде аурушаңдық тіркеліп отыр. Осы өңірде қазір карантин режимі енгізілді.
Базарлар әзірге ашылмайды. Есесіне, ашық алаңдардағы ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне баруға болады.
Ринат ДЖАНГЛИШОВ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары
- Тұрғындардан базарлардың ашылуы жөнінде көп өтініш келеді. Алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты оны жүзеге асыру мүмкін болмай отыр. Сіздердің сұраныстарыңызды аз-мұз қанағаттандыру мақсатында қаулыда ауылшаруашылық жәрмеңкелерінің жұмыс жасауына рұқсат берілген. Одан бөлек, супермаркеттер мен гипермаркеттер ертеңгілік сағат тоғыздан 22.00-ге дейін ашық болады.
Жеке көлігі жоқтар үшін жағымды жаңалық. Қаладағы автобустардың жұмысы толықтай қалыпқа келтіріледі. Қоғамдық көліктер таңғы сағат алтыдан 23.00-ге дейін ескі бағытпен қатынай бермек. Тұрғындардан санитарлық талаптарды сақтау ғана талап етіледі. Ал мына өзгеріс төрт қабырғада тынысы тарылғандарды қуантпай қоймас. Себебі мейрамханалардың жұмысы қайта жанданады.
Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы
-Дәмхана, мейрамхана, кофехана, асхана, барлар(кальян барлардан басқа) жұмыстарына бір мезілден қабылдау 30 адамнан артық емес, ашық алаңдарда елу адамнан артық емес жағдайда, екі метрден кем емес ара қашықтықты сақтай отырып, бір үстелде төрт адамдан артық емес адамдарды отырғыза отырып отбасы мүшелерінен басқа ҚР Бас санитарлық дәрігерінің жоғарыда көрсетілген қаулысының 17-ші қосымшасына сәйкес, сағат тоғыздан 22.00 арасында жұмыс қызметіне рұқсат берілсін.
Облыс бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 900-ге жуықтады. Олардың 80 проценті аурудың жеңіл түріне шалдыққандар. Соған байланысты ел арасында инфекцияның бар екендігіне сенбейтіндер әлі көп. Спикерлер бұқараны жансақ пікірлер мен жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.