Сауд Арабиясының Midad Energy компаниясы санкцияға ілінген ресейлік «Лукойл» алыбының барлық шетелдік активін иемденуге ниетті. Тараптар 2026 жылдың қаңтар айының соңында келісім шарттарын бекітетін негізгі құжатқа (term sheet) қол қойған.
Бұл мәміле санкциялық шектеулерге қарамастан жүзеге асырылуы тиіс ерекше механизмге негізделген. Саудиялық инвестор Midad Energy компаниясы «Лукойлдың» шетелдік үлестерін сатып алу үшін қолма-қол ақшамен есеп айырысуға дайын. Алайда, халықаралық санкцияларға байланысты қаражат тікелей Ресейге аударылмайды. Сатып алу сомасы арнайы қорғалған эскроу-шотқа салынады. Қаражат «Лукойлға» тек санкциялар алынғаннан кейін немесе тиісті реттеуші органдардың рұқсатымен ғана беріледі. Мәміленің соңғы нүктесі АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) рұқсат берген жағдайда ғана қойылады.
Егер келісім сәтті аяқталса, саудиялық алпауыт «Лукойлдың» Ресейден тыс жердегі бүкіл империясына иелік етеді. Соның ішінде Ирактағы ең ірі кен орындарының бірі — Батыс Құрна-2 (West Qurna 2) (Лукойл үлесі 75%). Одан бөлек, Румыния мен Болгариядағы ірі мұнай өңдеу зауыттары, Еуропа мен Таяу Шығыстағы мыңдаған бөлшек сауда желілері, Өзбекстан, Әзірбайжан және Мексикадағы өндірістік активтер.
Ерекше атап өтер жайт, бұл жаһандық мәмілеге «Лукойлдың» Қазақстандағы активтері кірмейді. Ресейлік компания Қазақстандағы жобаларын (Теңіз, Қарашығанақ, КТК және Каспий қайраңындағы жаңа блоктар) өзінде қалдыруға ниетті. Бұл активтерге санкциялық режимнің шектеулері қолданылмайды, сондықтан олар бұрынғыша жұмыс істей береді.
Midad Energy жалғыз үміткер емес. «Лукойлдың» $22 млрд-тық активтері үшін нарықта үлкен талас жүріп жатыр:
- Carlyle Group: АҚШ-тың ірі инвестициялық қоры;
- Chevron & Quantum: Америкалық мұнай алпауыты мен инвестициялық тобы;
- IHC: Біріккен Араб Әмірліктерінің холдингі.
АҚШ билігі «Лукойлға» шетелдік активтерін сату үшін 2026 жылдың 28 ақпанына дейін мерзім берген. Сондықтан алдағы екі апта ішінде мәміленің нақты иесі мен шарттары ресми түрде жариялануы тиіс.







