Жол сапасына жауапты мердігерлер жұмыстарына жүрдім-бардым қарап отыр. Бұл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен ұлттық жол активтері сапасы орталығы өткізген тексеріс барысында анықталды. Өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Сұлтан Бейбарыс даңғылын бақылауға алған мамандар тас жолдың қалыңдығы әр жерде әртүрлі екендігін байқады. Нормаға сәйкес асфальт қалыңдығына жасалатын керн сериясының ұзындығы 30 см-ді құрауы керек, алайда көрсеткіш оған сай болмады. Жауаптылар мұны техникалық қателік деп отыр.
Бөлек АДМЕНБАЕВ, «АтырауИнжСтрой» ЖШС техникалық директоры
-Міне өлшеді 16 см асфальтобетон шықты. 15-тің орнына 16 болып шығып отыр. Біздің черный щебеньіміз 14см шықса ол жеткілікті деген сөз. Мына осы оснаванияға допусктар беріледі специально. Адам баласы істейді, техника істейді. Әрине ондай кемшіліктер болып қалуы мүмкін.
Олқылық осымен бітпейді. Тағы бір тұста асфальттың ескі жол қалдықтарының үстінен төселгені белгілі болды. Компания өкілі мұны білсе керек, сынаманы дәл осы тұстан алуға әуел бастан-ақ қарсылық танытқан еді.
Сапасыз салынған жолдар қалада жетіп артылады. Құрылыс талаптарына құлақ аспайтын мекемелердің жұмысын тексеру мақсатында «Сапалы жол» жобасы жүзеге асырылуда. Енді мердігер мекеменің жұмысына толықтай баға беру үшін сынамалар зертханаға тапсырылды.
Айдос МАМЫТ, Атырау облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті басшысының бірінші орынбасары
-Қазіргі таңда жолдың екі жақ шетінен алған 2 керн мен орта шетінен алған керннің ұзындығы 30см құрамайды. Екі жақ шеттен алынған керннің біреуі 24 смді құрады, одан кейінгісі бұл 16,5 см құрады және 3 керннің ұз 15см құрады. Нақты керннің әр қабаты қандай нәтижеде төселінгендігі және неге керннің ұз 30 см құрамай, керннің соңғы бөлігінде ескі төселген асфальттің қалдықтары шыққаны лаборатория зерттеулер барысында анықталатын болады.
Ал «Атырауинжстрой» компаниясының баспасөз қызметі зертхана нәтижесі шыққаннан кейін ғана жауап беретінін айтты.