Келер жылдан бастап Атырауда көлікті міндетті сақтандыру құны 29 пайызға арзандайды. Бұл өңірдегі жол-көлік оқиғаларының азаюымен байланысты болып отыр.
Биыл 330 жол апаты болып, 94 адам көз жұмды. Тағы 419 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Жан түршігерлік көрсеткіш. Дегенмен 2022 жылмен салыстырғанда апат саны 11,5 пайызға, өлім көрсеткіші 3 пайызға, дене жарақатын алған тұрғындар саны 4,1 пайызға азайыпты.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің хабарлауынша, 2024 жылдан бастап тек Атырауда емес, басқа өңірлерде де темір тұлпарды сақтандыру құны өзгереді және бұл қызметтің бағасына көлік тіркелген өңірдегі жол апатының көп болуы-болмауы тікелей әсер етеді.
Яғни, жол-көлік оқиғасы жиі болатын аймақта сақтандыру құны қымбаттаса, жол ережелері жақсы сақталатын өңірде қызмет құны арзандайды. Алдын ала болжам бойынша, Атырауды қосқанда 11 облыста сақтандыру қызметінің бағасы төмендейді.
Тағы 7 аймақта қымбаттамақ. Сонымен бірге, сақтандыру компаниялары түзету коэффициенттерін жылына бір рет 10 пайызға арттыруға немесе азайтуға құқылы.