Атырауда панасыз қалған үй жануарларына көмек көрсететін топтар еріктілерге мұқтаж. «Доброе сердце», «Право на жизнь», «Хэндс» волонтерлар тобының әрқайсысында 6-7 белсенді бар. Бірақ олар аздық етеді,- дейді өздері. Себебі саны көп төрт аяқтыларды ветеринарға апарып, жатын орнын күтіп баптау да біраз іс.
Айжан ЕРМҰХАНОВА, «Hands Atyray» еріктілер тобының мүшесі
—Мен әрдайым жануарларға көмектескім келетін, өйткені адамдар олардың өздігінен тіршілік ете алатындарына сенімді. Алайда бұл теріс пікір деп ойлаймын. Әрбір жануарға мейірім мен қамқорлық қажет. Сонда ғана таптырмас дос және отбасы мүшесі бола алады.
Осыдан жеті жыл бұрын құрылған «Право на жизнь» еріктілер тобының мақсаты – қараусыз қалған жануарларды сенімді қожайынға тапсыру. Осы арқылы қаңғыбас ит-мысықтың санын азайтуға жұмыстанады.
Алёна ЖАНДИНА, «Право на жизнь» еріктілер тобының мүшесі
—Біздің міндетіміз-үйсіз жануарларға көмектесу. Бірін көлік қағып кетеді, бірі дертке шалдығып жатады. Біздің қызметіміздің басты бағыттарының бірі — стерилизация. Қазіргі уақытта олар өте көп болғандықтан, адамдар мұны түсінбейді, біз бұл туралы хабардар етуге тырысамыз. Біз адамдарға бей-жай қарамауды және жануарларға көмектесіп отыруды өтінеміз.
Жануарлар құқығын қорғаушылар мемлекеттік органдардың көмегіне де жүгінеді. «Доброе сердце» тобы жергілікті билікпен қалай қарым-қатынас жасайтындарын айтып берді.
Венера МАНАСОВА, «Доброе сердце» ҚҚ еріктісі
-Жыл сайын 40 миллион теңгеге жуық қаражат үйсіз жануарларды ұстауға бөлінеді. Ал біз оларды стерильдеп, кастрация жасауды ұсынамыз. Бұл заманауи әдіс. Біз қоршаған ортамен бейбітшілік пен келісімде болып, қамқорлық көрсете алуымыз керек. Ол үшін бізге биліктің қолдауы қажет.
Бағыттары әртүрлі болғанымен мақсат ортақ. Еріктілер төрт аяқты достарының қаңғыбас күйге түспесі үшін барын салады. Егер сіз де солардың қатарында боламын десеңіз, волонтерлар тобы асыға күтеді.