Атырау облысында республикалық маңызы бар және жергілікті деңгейдегі жол салу мен жөндеу кезінде 100-ден астам ауытқушылық пен кемшілік анықталған.
Оның 80-ге жуығы технологиялық ауытқу болса, қалғаны жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың стандартқа сай еместігі. Бұл деректер «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Атырау облыстық филиалының мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде анықталыпты. Сондай-ақ, орталық қызметкерлері алдағы уақытта жол саласында жұмыс жасайтын мамандардың санын арттыруды көздеп отыр. Себебі, облыста осы салаға қажетті мамандар жетіспейтін көрінеді.
Аталған кәсіпорын 2019 жылдың мамыр айында құрылған. Содан бері еліміздегі автомобиль жолдарының сапасына сараптама жүргізіп келеді. Қазіргі таңда орталықта 10-ға жуық маман қызмет атқарады. Биыл олар 1000 шақырымнан астам республикалық және 3000 шақырымға жуық жергілікті деңгейдегі автокөлік жолдарын сараптауды жоспарлап отыр.
Жанаргүл Бисенова, КН