Әр мемлекеттік қызметшіге атқарған қызметіне сай бонус берілмек. Оның мөлшері жалақының жеті есесіндей болуы мүмкін.
Бұл жерде мемқызметкердің жұмысының қаншалықты тиімді болғаны да ескерілетін болады. Яғни, бұрын еңбек өтілі көп қызметкер атқарған жұмысының нәтижесіне қарамастан жоғары жалақы алған болса, енді ол заңдылық өзгереді. Бірақ, мұның бәрі тек пилоттық режимде жүзеге асырылмақ. Тұрақты түрде сақталу, сақталмауы жаңа жүйенің еш дау туғызбай енуіне байланысты. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы Салауат Мүксімов айтты.
Бірақ, департамент басшысы аталған жүйенің қашан жүзеге аса бастайтындығы туралы айтпады. Одан бөлек, облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында өңірлік кадр саласындағы басымдықтар туралы да сөз болды. Салауат Мүксімов облыс әкімінен аудандық, қалалық әкімдік қызметкерлеріне ашық форматқа көшуді тапсыруын сұрады. Ондағы мақсат – әр азаматқа мемлекеттік мекемелерге еш кедергісіз, турникет арқылы тексеріссіз өте отырып тиісті мамандардан өз сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік туғызу, — дейді ол.
Жанаргүл Бисенова, Айбек Жаңай, КН