Атырауда дәрігерлерге арналған тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Бұл жұмыс 2024 жылдың 19 қаңтарына дейін жалғасады.
Мұндай мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Алғашқы жарна төлемей, жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан аспайтын несиені алуға ниеттілер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бері мемлекеттік ұйымның негізгі қызметкері болуы тиіс.
Басымдылық акушерлік және гинекология, анестезиология, реанимация, жұқпалы аурулар, травматология, ортопедия, жалпы хирургия, ересектер мен балалар неврологиясы бағыттарына, жалпы тәжірибелік дәрігерлерге беріледі.
Олардың еңбек өтілі де ескеріледі. Дәрігерлер аз дегенде медициналық мекемеде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс. Бағдарлама арқылы баспаналы болғысы келетіндер төмендегі құжаттарды жинап, тапсырған жөн. Бірінші, жеке басын растайтын куәліктің көшірмесі және қызметтік тұрғын үйінің жоқтығы туралы, соңғы 6 айдағы зейнетақы қорына түскен салымы жайлы анықтама, жұмыс берушінің немесе денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығы мен еңбек кітапшасының көшірмесі.
Өтінім білдірушінің «Отбасы банк» АҚ-да жинағы болуы керек. Тағы бір талап – өтініш берген маманның және оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншігінде баспанасы болмауы тиіс.
Құжат Атырау облысы әкімдігінің ғимаратында қабылданады. Қосымша ақпаратты 27-09-72, 27-09-14, 87080020389 нөмірлеріне қоңырау шалып білуге болады.