Жаңалықтар

БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНДАҒЫ БЫЛЫҚТАР

Ұлттық бюро мен Атырау адалдық алаңы жобалық кеңсесінің өкілдері Атырау облыстық балалар ауруханасындағы былықтарды ашып берді.

Арнайы мониторингтік топтың мүшесі, заңгер, депутат Салтанат Рахимова өткен жылы медициналық мекемедегі мемлекеттік сатып алу қызметіне жасалған талдауды жария етті. Ауруханада қыруар қаржы тиімсіз пайдаланылған. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік сатып алуға 150 млн теңгеге жуық қаржы бөлінсе, оның 93 млн.теңгесі бір көзден сатып алынған. Сондай-ақ, мекеме күмәнді қызметтерді де сатып алыпты.

Мәселен, аурухана штатында 4 есепші бола тұра, 5 млн теңгеге бухгалтерлік, қаржылық консультация алынған. Мекемеде баспасөз хатшысы болса да, 3 млн 600 мың теңгеге пиар қызметтер үшін тендер жарияланыпты.

Мемлекеттік сатып алудағы олқылықтарды ары қарай тізбектей беруге болады. Құрылғанына 1 ай да болмаған мекемелер де тендерге түсіп, бір көзден ұтып алған жағдай да кездеседі. Ең сорақылығы, ауруханаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шаруашылық субъектілерінен де қызметтер сатып алынған. Бұдан өзге жиында бала өлімінің 10 пайызға өсіп отырғаны да айтылды. Ауруханада отаға қажет құралдар мен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі де бар.

Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнафис Таңбаева сөз алды. Алдымен әңгімесін «Денсаулық» бағдарламасының облыста тым тәуір жүзеге асып жатқандығын айтты. Ал, былықтардың барлығы аурухананың бұрынғы басшысының ісі дегенге келтірді.

Мониторингтік топтың анықтаған заңсыздықтардан кейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне зерттеу материалдарын тексеруге, ҚР Парламенті мен ҚР Қаржы министрлігіне аудит жүргізуге және кезінде ауруханаға тексеріс жүргізген аудиторлық компанияларды жауапкершілікке тартуға ұсыныс берілген.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *