Caspian News, 17 қараша. Ақтөбе облысында жылдар бойы жүргізушілерге қолайсыздық тудырып келген «Ақтөбе — Ұлғайсын — Қарабұтақ» автожолының бір бөлігі толықтай қайта жаңартылып, пайдалануға берілді. Жөндеу жұмыстары аясында жолдың 28 шақырымдық учаскесі жаңартылды.
Облыс әкімі Асылбек Есенбаевтың айтуынша, жоба өңір экономикасы мен жол қауіпсіздігі үшін ерекше маңызға ие.
«Бұл жолдың маңыздылығы сөзсіз. Біріншіден, облыс экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Екіншіден, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігі артады», — деді өңір басшысы.
Жаңартылған жол төрт жолақты болып салынбақ. Жоба аясында көпірлер, жолайырықтар және су өткізу құбырларының құрылысы қарастырылған. Қазіргі уақытта бұл бағытпен тәулігіне 18 мыңға жуық көлік қозғалады. Сол себепті жұмыс көлемі 7 бөлікке бөлініп жүзеге асырылып жатыр.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманаашевтың сөзінше, жобаға қатысты қаржы институттары анықталған, ал конкурсқа 8 компания қатысуда.
«Қатысушы компаниялардың құжаттары банктермен бірлесіп қаралып жатыр. Жоспар бойынша келесі жылдан бастап негізгі жұмыстарды бастаймыз», — деді ол.
Биыл Ақтөбе облысында жол саласына 68 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 568 шақырым жол пайдалануға берілді.







