Caspian News, 19 қараша. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында биыл өңірде халықты табиғи газбен қамту рекордтық деңгейге жететінін хабарлады. Жыл соңына қарай тұрғындардың 97 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.
Биыл 22 ауылға газ кіргізілген, бұл – 9 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекен. Жыл соңына дейін тағы 6 ауылға газ жеткізілмек. Қазіргі таңда 319 елді мекеннің 194-і табиғи газбен қамтылған.
Сонымен қатар, облыста ауыз сумен жабдықтау жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. 319 елді мекеннің 291-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, қалған 28 елді мекеннің 18-і су ұңғымаларын пайдаланып отыр. Алдағы жылдары барлық ауыл таза ауыз сумен толық қамтылмақ.
Құрылыс саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Биыл облыс орталығында 35 мың орындық заманауи стадионның құрылысы басталды. Сонымен қатар 5 мың адамға арналған көпфункционалды спорт кешені мен 700 орындық жаңа драма театры салынып жатыр. Жыл соңына дейін 1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.
«Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында 14 мектептің құрылысы басталып, қазіргі таңда 7-сі аяқталған. Баспана мәселесін шешу бағытында биыл 419 отбасы қоныс тойын тойласа, жыл соңына дейін тағы 1000-нан астам отбасы жаңа пәтерге қол жеткізеді.








