Caspian News, 21 қараша. Ақтөбеде осыдан бір күн бұрын із-түссіз жоғалған ерлі-зайыптылар қала сыртынан табылды. Әйел адамның денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған, ал ер адам асылып қалған.
Ерлі-зайыптылар 20 қараша күні таңертең үйінен «Ларгус» автокөлігімен шығып кеткен. Сол күйі оралмаған соң, туыстары оларды іздей бастаған. Келесі күні олардың денесі табылды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, сот-медициналық сараптама тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша, 40 жастағы азамат әйелін өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін.
Көршілердің сөзі:
Жұлдыз Айтмұқан, марқұмдардың көршісі:
«Мен бұл отбасын тек сыртынан ғана білемін. Жазда есік алдында балалары ойнап жүретін. Жақсы отбасы сияқты еді. Ең кішкентайы бір жарым жаста».
Балалар туралы:
Отбасының бес баласы бар, оның төртеуі мектепте оқиды. Ең үлкені – 10-сынып оқушысы. Мектеп ұжымы олардың тәртіпті және үлгілі оқушылар болғанын айтады.
Ғазиз Қаламов, Ақтөбе орта мектебінің директоры:
«Бес баланың төртеуі біздің мектепте оқиды. Мектеп пен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас әрдайым жақсы болды. Қазіргі таңда балаларға қажетті психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр».








