Ақтауда 19 «а» ықшам ауданнан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында екі ай бұрын пәтер алған тұрғындар жылудың жоқтығын айтып, қара суықта өздерін бүрсеңдетіп қойған жауапты орындарға реніш білдіруде. Сөздеріне қарағанда қас қылғандай күн күрт суытқанда үйлерге жылу беру де тоқтапты. Жағдайды қала әкімінің өзі де келіп көріп кеткенімен, мәселе шешілер емес, — дейді тұрғындар.
Әйгерім ҚАЛИЕВА, Ақтау қаласының тұрғыны
— Біз жоқта келіп кеткен, халықпен ақылдаспаған, көріп кеткен. Көтердік дейді, көтергенмен пайдасы жоқ. Үйдің іші қара суық, қара боран, терезеден жел келеді.
Үйге қызмет көрсететін компания өкілдерінің сөзінше жылу құбырларын коммуналдық жұмысшылар тексеріп, не болғанын анықтап жатыр. Сондықтан жұмыс аяқталмайынша кесіп айту қиын.
Тұрғындардың сөзінше олар пәтерді Отбасы банк арқылы 16 жылға несиеге алыпты. Енді ол ақшаны төлеп біткенше, үйіміз жермен-жексен болмай ма деген қауіп те жоқ емес. Өйткені облыстық әкімдіктің тапсырысы бойынша салынған, 10 үйден тұратын кешеннің олқы тұсы көп. Сапасына күмән бар.
Қалалық әкімдік өкілдерінің айтқанына құлақ салсақ, бұл үйлер осы жылдың желтоқсанында тапсырылуы тиіс екен. Бірақ тұрғындар кесімді уақытты күтпестен пәтерлерге кіріп алған соң әкімдіктің үйді қабылдаудан басқа амалы қалмаған.
Тұрғындар мемлекеттік бағдарламаны қайта қарауды сұрап отыр. Себебі, олар халықтың осал тобына арналған баспаналардың құрылысы әкімдік тарапынан бақыланбайтынына сенімді.