Атырау өзен порты ірі габаритті жүктерді қайта қабылдай бастады. Жұмысы тұралап қалған порт соңғы рет жүкті 2015 жылы қабылдаған. Бұл жолы әкелінген жабдықтар – болашақ газ-химия кешені үшін дайындалыпты. Резервуарлар Оңтүстік Кореядан әкелінген. Енді дәл осындай 25-ін алдырту жоспарда тұр.
Руслан АСАНОВ, өзен портының қызметкері
— Жайықтағы тереңдетілу жұмыстарынан кейін көп күттірген жұмысымыз жаңғырып отыр. Дәл қазір мұнай-химия кешені үшін 532 тонналық жүкті қабылдап тұрмыз. Екі баржа жеткізілді, әлі үшеуін күтеміз.
Өзен порты осыдан он жыл бұрын қайта жаңартылып, жүк айналымын жылына 15 мың тоннаға дейін арттырды. Алайда ірі кемелерді қабылдауға Жайықтың тереңдігі кедергі келтірген болатын. Үш жыл бұрын бұл мәселе де шешімін тауып, порт толық көлемде жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Азамат ЗҰЛҚАРНАЕВ, Атырау өзен портының директоры
— Соңғы рет порт 2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта құру жобасы бойынша ауқымды емес жүктерді қабылдады. Сондай-ақ, «Теңзшевройл» компаниясы, Қарабатандағы NСОС және Атырау Жылу электр орталығы АО жобасы үшін де жұмыстар атқарылды. Бес жылда біраз іс тындырылды. Енді жалпы салмағы 3000 тоннадан асатын 23 резервуар келуі керек. Оның 700 тоннасын қабылдадық.
Бүгінде өзен порты барлық қажеттілікпен жабдықталған. Енді халықаралық сауда логистикасын дамытудағы мүмкіндіктен кейін автомагистральдардағы шығынды азайтып, қаржыны үнемдеуге болады.