Басты ақпаратЖаңалықтар

АТЫРАУ ВОКЗАЛЫ МАҢЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕР ӘКІМШІЛІККЕ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Caspian News, 21 қараша. Атыраудағы теміржол вокзалы маңында жұмыс істейтін бір топ кәсіпкер вокзал басшылығының әрекетіне шағымданды. Кәсіпкерлердің айтуынша, жарты жыл бұрын басталған жөндеу жұмыстары кезінде құзырлы органдар олардың нысандарын тексеріп, құрылысқа кедергі келтірмейтінін растап беріпті. Алайда кейін вокзал әкімшілігі келісім-шартты бұзып, павильондарды толық бұзуды талап еткен.

Самал Әбдірова, кәсіпкер:

«Вокзалдың жөндеуден өтіп, көркейгеніне келісеміз. Бірақ біздің де құқықтарымыз қорғалуы керек. Қаланың әкімі Шәкір Кейкин бізге рұқсат берді, «қыздар жұмыс істей беріңдер, вокзалға кедергі болмайды» деді. Алайда енді келгенде бұзасыңдар деп отыр. Бізде бизнес кредиттеріміз бар, ештеңе қалмаған».

Гүлнар Шекетаева, кәсіпкер:

«Ақшамызды өзіміз жұмсадық, бәрі әлі ақталған жоқ. Мұнда жалғыз басты аналар, мүгедектер бар. Стройка нақты басталған жоқ, эскиздік жоба да сызылған жоқ. Бізді ешкім ойламайды. Бізді тек кредит пен салыққа қалдырады».

Тілші Альбина Жамбылқызы хабарлағандай, мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Қазақстан теміржолы» АҚ Атырау магистральдық желі бөлімшесіне барғанымен, бөлімше директоры жұмыс орнында болмаған. Орынбасарлар телефон арқылы «біз бұл дау-дамайға қатысымыз жоқ» деп жауап беріп, мекеме ішінде ешкіммен сөйлесуге мүмкіндік бермеген.

Бақтияр Боқаев, бөлімшенің құқық бөлімінің басшысы:

«Біз жалға берушілер мен жалға алушылар арасындағы жалдау шарттарына сүйенеміз. Шартта вокзалды қайта құру немесе жаңғырту кезінде шартты біржақты бұзу құқығы бар».

Заңгерлердің пікірінше, жөндеу жүріп жатқан аумақта кәсіпкерлер қызмет көрсетсе, тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төнеді. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер мәселені ақ-қарасына шығару үшін құзырлы органдардың араласуын талап етуде.

What is your reaction?

Excited
0
Happy
0
In Love
0
Not Sure
0
Silly
0

Leave a reply

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *