Caspian News, 26 желтоқсан. Атырауда өткен жылдың шілде айында орын алған шулы оқиғаның нүктесі қойылды. Жекеменшік аквапарктердің бірінде хлор буына уланған 13 баланың жағдайына қатысты тексеріс қорытындысы шығып, нысан иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Судағы хлор мөлшері нормадан 2,5 есе көп болған
Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, бес айға созылған тексеріс барысында бассейн суынан 12 сынама алынған. Лабораториялық талдаулар су құрамындағы хлор мөлшерінің рұқсат етілген нормадан 2,5 есе жоғары екенін анықтады.
«Бактериологиялық және санитариялық-химиялық талдаулар судағы зиянды заттардың шектен тыс көп екенін көрсетті. Қазіргі уақытта қозғалған қылмыстық іс тоқтатылып, іс әкімшілік сотқа жолданды», — деді басқарма бөлімінің басшысы Қаламқас Аманжолова.
Заңсыз жұмыс істеген нысан
Тексеріс барысында айыппұл арқалаған кәсіпкердің тек техникалық қауіпсіздікті ғана емес, заң талаптарын да өрескел бұзғаны белгілі болды. Атап айтқанда:
-
Аквапарктің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болмаған;
-
Нысан тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келген.
Сот шешімі
Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының шешімімен кәсіпкерге 1,8 миллион теңгеден астам көлемде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, шілде айында демалыс орнына барған 13 бала хлор буына уланып, зардап шеккен болатын. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, қаладағы өзге де су нысандарын жаппай тексеруге негіз болды.






